Мәскеуде жасанды интеллект тақырыбына арналған халықаралық форум өтіп жатыр
Жасанды интеллект еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр? Жаңа технология адамдарды жұмыссыз қалдырмай ма? ЖИ агенттер әлемнің қауіпсіздік архитектурасына қалай әсер етті? Жаңа технологияларға қатысты ең өзекті мәселелер дәл қазір Мәскеудегі халықаралық конференцияда талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ai Journey форумына қатысып, сөз сөйлемек. Ақылды зердеге арналған алаңда қазақстандық мамандар ресейлік әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, үздік отандық айти өнімдерді таныстырды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жасанды интеллект күнделікті өмірімізді қалай өзгертеді? Мәскеудегі AI Journey конференциясының алғашқы күні осы сұраққа арналды. Сарапшылар жаңа технологияның қоғамға ықпалын талқылады. 10 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алты жыл бұрын онлайн қатысқан еді. Бұл жолы арнайы ат басын бұрып отыр. Жер-жаһанда ақылды технологияларға қатысты жарыс күшейіп, қауіпсіздікке қатысты жаңа мәселелер туындаған сәтте бұл тақырыптың өзектілігі еселеніп отыр. Конференцияға Қазақстан және Ресеймен қатар Үндістан, Бразилия, Сербия, Кения, Мысыр елдерінен белді сарапшылар келген. Көпшіліктің Қазақстан өнімдеріне қызығушылығы жоғары. Былтыр еліміз 1 миллиард долларға IT қызметтерді экспорттаған.
Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі:
Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда тәжірибесі мол. БҰҰ рейтингінде 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, цифрлық даму деңгейі ең жоғары елдер тобына алғаш рет ендік. Бұл бағада электронды үкіметтің жетістігімен қатар адами капитал мен байланыс саласының дамуы да ескерілген.Тәжірибемізге шетелде қызығушылық бар. Қазақстандық ақпараттық жүйелерді өзге елдерге экспорттап жүрміз. Алдағы уақытта бұл бағытты өңірде де, әлемдік нарықта да кеңейтеміз деп ойлаймын.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Конференциямен қатар бұл алаңда арнайы көрме жұмыс істеп тұр. Мұнда компаниялар сынақтан өтіп жатқан жобаларын да, қолданысқа енген өнімдерін де көрсетеді. Қазақстанда жасанды интеллект білім беру саласына белсенді енгізіліп жатыр. Шалғайдағы және шағын мектептердің оқушыларына сапалы білім беру үшін ұлттық платформа әзірленді. Оған үздік мұғалімдердің сабақтары жинақталған. Жасанды интеллект әр оқушының үлгерімін бақылап, мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге көмектеседі.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, Қазақстан қазір жасанды интеллект бойынша әлемдегі көш ілгері елдердің қатарында. Астанада салаға қажетті мамандар даярлайтын университет ашылды. Alem.ai орталығы құрылып, екі суперкомпьютер іске қосылды. Ресей нарығында да отандық компаниялардың қызметіне сұраныс жоғары.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Форум 28 қарашаға дейін жалғасады. Бүгінгі негізгі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді деп жоспарланған. Ертең компаниялар жасанды интеллектінің қоғамға ықпалын, бизнесте қалай қолданылып жатқанын талқыға салмақ. Ал үшінші күні ғалымдар жасанды интеллект саласындағы іргелі зерттеулері мен күнделікті тұрмыста қолдануға арналған жаңалықтарын ұсынбақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы