Басты Жаңалықтар Мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді

Мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді

Президент мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия құрамын бекітті. Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды. Жаңа құрылымның алдында мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзекті мәселелерді зерделеп, оны жетілдірудің тиімді жолдарын ұсыну міндеті тұр. Комиссия төрағасы Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр, ал оның орынбасары болып Президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев таңдалған. Ал хатшылық жұмысын Айгүл Шайымова үйлестіреді. Алқа құрамына Үкімет мүшелері, бірқатар өңірдің әкімдері, Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері енген. Комиссия отырыстарына талқыланатын мәселелердің мазмұнына қарай орталық және жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың мамандары шақырылуы мүмкін.

Қазбек мырза, осы жаңа комиссия басқару жүйесінің тиімділігін қаншалықты арттырады?

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:

Биыл елімізде ЖИ жылы болып жарияланып отыр. Нәтижесінде қазіргі таңда қағазбастылық бар, түрлі саяси институттар арасындағы жұмыстардың қарама-қайшылығы мен қайталануы бар. Міне, осының барлығын цифрландыру арқылы оңтайландыру үшін келесі жылы 1 маусымға дейін арнайы комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссияның басты негізгі рөлі - осы Мемлекет басшысы айтқан еліміздегі, саяси жүйедегі жаңа Конституцияға сай өзгерістерді жүзеге асыру.

Комиссия құрамына Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық кеңесінің өкілдері де енді. Бұл не үшін керек?

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:

Жұмыс тобына Құрылтай депутаттарының кіруі, ертеңгі күні, мысалы,  арнайы реформалар жүзеге асырылған кезде заңнамалар қабылдау керек, қаржылық, бюджеттік бағдарламалар қабылдау керек болады. Мұның барлығы, әрине, Құрылтайда өтеді. Сондықтан Құрылтай депутаттарының әу бастан жұмыс тобына кірісіп кетуі - бұл алдағы уақыттағы осы реформаны жүзеге асыруды оңтайландыру үшін өте маңызды. Бұл реформалардың тиімді жүзеге асуына әсер береді деп ойлаймын.

Бөлісу