EXPO көрмесінің басталуына тура 400 тәулік қалды
Қазір 82 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым көрмеге қатысуға ниет білдірді.
EXPO көрмесінің басталуына тура 400 тәулік қалды. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен Астана қауқарын байқататын көрменің құрылысы мемлекет үшін аса маңызды.
Келер жылы маусым басталып, үш ай созылатын көрмеге 5 миллион адам келеді деп болжанады. Қазірдің өзіне 82 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым көрмеге қатысуға ниет білдірді. Біздің ел көрмеге қатысушылар санын 110 мемлекетке дейін жеткізуге ниетті.
Жиһанның 160 елі ішінен EXPO-2017 көрмесін өткізуді жеңіп алған Қазақстанның дайындығы қандай? Астана 5 миллион туристі қабылдауға қауқарлы ма? Қаланың ауасы саф, көшесі таза, көліктері мен көпшілікке қызмет көрсетудің сапасы қандай?
Осы сауалдарға жауап іздеген Президент осы аптада көрме нысандарының құрылысын өз көзімен көріп, аталған мәселелердің барлығын пысықтады. Кейбір келеңсіз істі сынап, бас қаланы дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеді.
«Болашақтың энергиясы». EXPO көрмесінің тақырыбы. Астанада салынып жатқан бас ғимарат та тақырыпқа сай «жасыл» технологиямен салынған. Мысалы, көрме нысандары жер астынан сорылатын ыстық сумен жылытылады. Бұл үнемді әрі табиғатқа залалсыз әдіс.
Осы секілді баламалы қуат көздерін қала инфрақұрылымына енгізу үшін «Смарт Грид» технологиясы қолданысқа кірмек. Бұл бір уақытта барлық ірі нысандардың энергия тұтынуын қадағалауға мүмкіндік береді.
EXPO – Елорданың ғана емес, елдің дамуын дәйектейтін шара. Сондықтан да, Президент кеңесті Астананың әлеуметтік-экономикалық даму мәселесінен бастады.
Өткен жылы Елорданың ІЖӨ-дегі үлесі 5 пайызға жетті, экономикасы 40 пайызға өскен. Былтыр бас қала мемлекет қазынасына 900 миллиард теңге салса, оның 75 пайызын шағын және орта бизнестің үлесінде. Бірақ, бұған тоқмейілсуге болмайды.
Елбасы қадағалауға алынғаннан кейін Астана маңында жерді басып алу, заңсыз құрылыс бастау сап тыйылғанын айтты. Дегенмен, бұл мәселеге жол бермеу керек. Ал шағын және орта бизнестің дамуына келсек, Астана қазір ел бойынша бірінші орында.
Алайда, бизнестің басым бөлігі тек құрылыс пен сауда саттықпен айналысады. Елбасы енді қолөнер, суретшілер еңбегін және инновациялық технологияны жандандыруды тапсырды. Азық-түлік белдеуін дамыту үшін елордада 4 көкөніс сақтау орындары салынғанымен, оның 25-ақ пайызы кәдеге жарап тұр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сырттан әкелетін импорт тамақ Астанаға 17 миллиард теңгеге, оның бәрі бізден шығады ет, ет тағамдары, өсімдік майы, сүт, ірімшік, тәттілер, көкөніс, тіпті бал да, дәнді дақылдар, тұз, шырын, су да өзімізден.
Алып-сатарлар азық-түлікті өз бағасынан біршама қымбатқа сатады. Елбасы бұған қатысты министрлік пен аймақ әкімдерін сынға алып, алдағы уақытта ауыл шаруашылық өнімдерін шығарушы мен қаладағы базар арасында байланыс орнатуды нықтап тапсырды.
EXPO қарсаңында Астанада жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталады. Бұл Асқар Мәминнің уәдесі. Қалада такси қызметінің сапасы өте нашар. Елбасы осыған да назар аударды. Келер жылы қала тұрғыны 1 миллионға жетіп, еліміз бен шетелден 5 миллиондай турист келсе, көлік кептелісі нағыз түйткілге айналуы мүмкін.
Астанадағы жолдардың жиегінде арық атымен жоқ. Соның кесірінен сәл жаңбыр жауса, көшелерді су басып кетеді.
Қосман Айтмұхаметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Үш жылда біз су құбырларына қатысты бар мәселені шешеміз, ол үшін барлық жобалау-смета құжаттары дайын, бюджетке тапсырыс берілді.
Президент қала қауіпсіздігін де назардан тыс қалдырған жоқ. Сырттан келген әр азамат құқық қорғау мекемелерінің назарында болуы тиіс. Көрме кезінде туристер қауіпсіз қалада алаңсыз қыдыруы керек. Ал, олардың мәдени демалуы үшін 3 ай бойы барлық өңірлерден әртістер келіп, өз өнерлерін паш етуі тиіс.
Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Қала мерекелік көңіл-күйде болады. Қазір біз 7000 шара ұйымдастырып жатырмыз.
Әйгерім Ағылтаева, тілші:
Көрме өткен соң EXPO алаңы Астана халықаралық қаржы орталығына айналады. Ол алдағы күннің жоспары. Ал аталған көрмені абыроймен өткізу бүгінгі күннің міндеті.
Әйгерім АҒЫЛТАЕВА
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Ертең де қолайсыз ауа райы сақталады
30.12.2025, 20:58
Жаңа жылдағы қауіпсіздік шаралары
30.12.2025, 20:57
Алматыда қар жоқ
30.12.2025, 20:57
Италиядағы қысқы Олимпиадаға 38 күн қалды
30.12.2025, 20:54
Президент 1 жылда 95 заңға қол қойды
30.12.2025, 20:53
Көктайғақ елордалықтарды әбігерге салды
30.12.2025, 20:52
«Теңізшевройл» компаниясы 25 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты
30.12.2025, 20:50
Биыл 4 миллионға жуық науқасқа дәрі-дәрмек тегін берілді
30.12.2025, 20:48