Басты Жаңалықтар Қазақстан Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымына төрағалық етеді

Қазақстан Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымына төрағалық етеді

Батыс Еуропа ұшан-теңіз нарық. Онымен экономикалық байланыстарды дамыту кімге болса да тиімді. Қазақстанның да бұл аймаққа ұсынар тауарлары жетерлік. Негізінен шикізат. Ресейдің Еуроодақ пен АҚШ тарапынан санкциялық қысымға ұшырағанын ескере келе соңғы уақытта Қазақстан Еуропаға Каспийдің арғы жағындағы Әзірбайжан мен Түркия арқылы тауар тасымалдауды қолға алған. Алайда, Батыс нарығына апарар төте әрі қаржылық жағынан тиімді жол бәрібір Ресей арқылы жатыр. Ал, Ресейдің көршілері Украина мен Балтық жағалауы елдерімен қатынасының қырғи-қабақ жағдайда екенін ескерсек, бұл жердегі біз үшін жалғыз транзиттік ел – Беларусь болмақ. Бірақ, бұл ел біз үшін транзиттік қақпа ғана емес.

Беларусь Қазақстан үшін сенімді серіктес. Бұл елмен Қазақстанның қарым-қатынасы бұрыннан-ақ жақсы деңгейде болған. 70-тен астам екеуара бекітілген мемлекеттік келісімшарттар екі ел арасындағы алыс-берісті дамытуға негіз жасады. Дегенмен, қазіргі таңдағы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы соңғы жылы өскенімен, бар болғаны 550 млн.доллар көлемінде ғана қалып отыр. Беларусь территория аумағы жағынан Қазақстаннан 13 есе аз. Соған қарамастан бұл елдің бүгінгі таңдағы экспорттық әлеуеті бізден анағұрлым артық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы даму қарқыны жақсы. Оны қарапайым қазақстандық тұтынушылар азық-түлік сөрелерінен-ақ байқай алады. Осы елден келетін тауарлардың саны бүгінде еселеп өсіп келеді. Дәстүрлі азық-түлік, ауыл шаруашылығы техникасы мен жиһаздан бөтен Беларусь бүгінде озық IT технологиялар саласын да жақсы меңгерді. Тіпті, оларды экспорттауға да көшті.

Беларусь программистерінің жасаған компьютерлік қосымшаларын әлемнің ең ірі компаниялары миллиардтаған сомаға сатып алып жатыр. Біршама үлгілері біздің елде де енгізіліп жатыр. Ал, біздің тарапымыздан, өкінішке орай, бұл елге әлі күнге дейін тек дәстүрлі шикізат экспортталады. Көңіл көншітерлік көрініс емес, әрине. Сондықтан, осы аптада осы және де басқа мәселелерді шешу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасы Минскіге ресми сапармен барды. Сапар нәтижесінде біршама келісімдерге қол жеткізілді. Ресми сапардың екінші күнінде Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт ұйымының кезекті сессиясы өтті. Өткен жыл бойына ұйымға төрағалық еткен Беларусь Республикасы жылды қорытындылап, кезекті Қазақстанға берді. Беларусь сапарын тілшіміз Ғабит Ұзақбай баяндайды.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Бөлісу