Басты Жаңалықтар Елімізде күн райының күрт бұзылуы елді әбігерге салды

Елімізде күн райының күрт бұзылуы елді әбігерге салды

Қазақ поэзиясының «Құлагері» Ілияс Жансүгірдің

«Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді көміп, 

Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп, 

Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап, 

Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп» деп сипаттайтыны бар, қыстың қаһарлы мінезін. Иә, арқада бүгін ғана аяз сынғандай болды. Әйтпесе, бурадай бұрқ-сарқ етіп долданып, апта басталғалы арқа мен солтүстік-шығыс аймақтарды әбден әлекке салды. Ауа температурасы минус 40, 45 градусқа дейін төмендеп, кәрі құда қысың нағыз зәріне мінді. Арқаның жергілікті жұртына 40 градус суығың таңсық емес, әрине. Бірақ, бұл жолғы аяз ұзаққа созылуымен есте қалды. Синоптиктердің өзі аяздың апталап басылмайтынын айтып, алдын ала ескертті. Үскірік аяздың әңгімесі Үкімет үйіне дейін жетті. Министрлер кабинетінің апта басындағы жиынында Премьер-министр Сағынтаев әкімдер мен Ішкі істер министрлігіне қауіпсіздік шараларын қатаң қадағалауды тапсырды. Ал, басшыларға қызметкерлерін кешке дейін ұстамай, үйге ертерек жіберуге кеңес берді. Соның өзінде аяз аямады. Ел аумағында бірнеше жолаушылар автобусы жолда қалып, 300-дей жан үсік шалып ауруханаға түсті. Кей өңірлерде жылу қазандықтары жарылып, әкімдерді жерге қаратты. 

Десе де, аяздың пайдалы тұсы да бар болып шықты. Халықты бір-біріне бұрынғыдан да жақындата түскендей. Мәселен, әлеуметтік желілерде таксилердің бағасын көтермеу туралы арнайы бастамалар көтеріліп, көлікпен жүргендер жолдағы тоңған адамдарды тегін жеткізіп жатты. Сөзден іске көшкен елордалықтар бірден «Мейірімді қала» акциясын бастап кетті. Акция аясында тегін тамақ, тегін отын, тегін көлік ұйымдастыруды қолға алды. Осылайша, мейірім шуағы аязды жібітіп, мұзды да ерітетінін дәлелдеді.

Қырау қатқан терезе, жел уілдеген есік. Бүрсең қаққан алты баланың өмірі осы аядай бөлмеде өтіп жатыр. Тоңып қалмаудың амалын жасап, арқаларын кезек-кезек пешке қыздырып алады. Бірақ шелек-шелек көмір салса да, есік-терезесі аңғал-саңғал үйдің жылитын түрі жоқ. Аязды ақша жасаудың амалына айналдырған алыпсатарлар көмір бағасын шарықтатып жіберді.

Жібек Есенбаева, Астана қаласының тұрғыны:

- Бір қабы 1200-1300 теңгеден. Тоннасы 18 мыңнан жоғары, кем ала алмайсыз. Күніне 3-4 қап кетіп жатыр. Түнімен салып шығамыз. Жақпаса, дуалдың бәрі мұз болып кетіп жатыр.

Жылы жерге көшейін десе, пәтерақыны қалтасы көтермейді. Көктемнің келуін күткеннен басқа амалы жоқ. Биылғы аяздың бұлайша ұзаққа созылуы жалғызбасты анаға әжептеуір салмақ салып тұр.

«Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді». Араққа сылқия тойған келіншекті әлеуметтік қызметкерлер көшеден тауып алып, бейімдеу орталығына әкелді. Аязда үсіп қалмасын деген ниетпен. Мұнда тамақ та тегін, жатын орын да жайлы. Бірақ, ол қалғысы келмей қиғылық салуда.

Динара Шапина, «Қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» директорының орынбасары:

- Қиын жағдайда қалдым деген кісіге өзінің өтініші бойынша қабылдауға тырысамыз. Қазір  біздің орталықта 234 адам тұрып жатыр. Күнделікті үш уақыт тамақ береміз. Жатын орындарын беріп, төсек-орынмен қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз.

Дәл қазір Астанада термометр көрсеткіші -32 градусты көрсетіп тұр. Күндізгі уақыт, көшеде халықтың ең көп жүретін мезгілі. -32 градустың қаншалықты суық екенін сөзбен айтып жеткізу қиын әрине, оны тек мынадай эксперимент арқылы байқап көруге болады.

Түкірік жерге түспейтін аяз деп осыны айтса керек. Астанада термометр бағаны минус 40 градусқа дейін төмендеген кездер де болды. Ал, мұндай күндері мен секілді жалаңбас жүрудің қауіпті екенін естен шығармаңыз.

Үй жануарларының қатты аяздан сіресіп қатып қалғаны жайлы бейнежазба әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсуде. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз, бірақ, бір  білеріміз, Астананың аязы аң былай тұрсын, адамдарды да аяған жоқ. Автобусты сағаттап күткен астаналық студент қыз аяғын үсіріп, ауруханаға түсті. Жалпы, осы күндері елорда емханаларына үсік шалған 50-ден астам адам келген. Ал, еліміз бойынша 300-дей жан аяздың зардабын тартты.

Күн райының бұлайша күрт құбыларын синоптиктер апта басталмай жатып ескертті. Ескертуді елемегендердің алды жолда қалып үлгерді. Ақтөбе-Ырғыз тас жолы мен Павлодар облысы аумағында екі жолаушылар автобусы бұзылып, істен шықты. Екеуінде де өзбекстандық азаматтар болған. Нәпақа іздеп шекара асқан олар Ресейдің Новосібір қаласына жол тартқан беті екен.

Фарух Ярматов, Өзбекстан азаматы:

- Шынымды айтсам қатты қорықтық. Жақында болған қайғылы оқиғадан бетіміз шайлығып қалды ғой. Бірден құтқару қызметіне жүгіндік. Осы жерге алып келіп, көмектесіп жатыр. Алғысымыз шексіз.

Қолайсыз күн райы көлік жүргізушілерін де әуре-сарсаңға салып қойды. Таңертең көліктерін от алдыра алмай, жұмыстан қалған адам қаншама.

Жансерік Ханай, көлік жүргізушісі:

- Дала - аяз. -30-ды көрсетіп тұр. Түнде, бәлкім, одан да төмен болған шығар. Көліктің майы қатып қалған. От алмайды. Амал жоқ, дәнекерлеуші шаммен қыздыруға тура келеді.

От алмай қалған көлікті қыздырып берушілердің жұмысы қызады мұндайда. Оларға жай күндері 20 шақты шақырту түссе, аяз басталғалы күніне 100-ден астам жүргізуші хабарласады екен. Сұраныс артқан соң баға да қымбаттайды, әрине.

Аяз қаладағы қоғамдық көліктердің кестесіне де айтарлықтай кедергі келтірді. Астанада жоспар бойынша күн сайын шығатын 750 автобустың 150-і аязға шыдас бермей істен шықты. Есесіне, тегін такси қызметі іске қосылды. Иә, барар жеріңізге бір тиын алмай жеткізіп тастайды.

Қазір қалада осындай  30-ға жуық автокөлік жүр. Арасында Қанат сияқты өз еркімен қатарға қосылған жүргізушілер де бар.

Қанат Ғалиакбаров, такси жүргізушісі:

- Біз көлікпен жүрген кезде жылы жерде отырамыз. Күннің суық екенін білмейміз. Мысалы, мен бүгін 10 минуттай ары-бері жүрдім. Қандай суық екенін сездім. Барлық адамдар осылай жұмысқа бара жатқан кезде жолшыбай бір адамды тегін апарып тастаса, нұр үстіне нұр болушы еді.

Алайда, табиғаттың тосын мінезін пайдасына жаратып жүргендер де аз емес. Кейбір такси жүргізушілері таяқ тастам жерге жеткізудің құнын шарықтатып жібергенге ұқсайды.

Апта бойы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстары аумағында сынап бағаны күндіз минус 30, түнгі уақытта минус 45-ке дейін төмендеді. Ал, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында 35 градусқа дейін суытты. Жамбыл облысының таулы аймақтары мен Алматыдағы бірнеше мектепте сабақ тоқтатылды. Мұндай аяздың соңғы рет қашан болғаны тіпті, жергілікті тұрғындардың да есінде жоқ.

«Сұмдық аяз Сібір антициклонының әсерінен күшейіп тұр», - дейді мамандар. Синоптиктерге сенсек, аяз 30-қаңтарға дейін созылады.

Қазір Астана мешіттері «Мейірімді қала» акциясын өткізуде. Қайырымдылық шарасы аясында көшедегі жұмысшыларға тегін тамақ таратылып, ақысыз жеткізетін көліктер көбейтілуде. Ал, мұқтаж отбасылардың әрқайсысына 2 тоннадан көмір таратылуда.

Ілияс Отаров, «Нұр Астана» мешітінің ұстазы:

- 25 отбасыға көмір түсіріп беру жоспарда бар. Бәлкім, мейірімді кісілер атсалысып жататын болса, мұны көбейтетін боламыз алдағы уақытта. Бұл акция кешеден басталды. Суық  бәсеңдегенге дейін жалғасады.

«Жыртық үйдің Құдайы бар» деген. Жібектің де осы игі шараның шарапатын көріп қалармын деген үміті бар. Осы үмітпен қарызға алған көмірінің соңғы шелегін пешке салды бүгін.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Бөлісу