Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған 7-ші ресми сапары еліміз үшін табысты болды
Азуы алты қарыс АҚШ-қа сапар тек Қазақстан үшін емес, бүкіл Орталық Азия үшін тиімді. Өйткені, Президенттің Ақ үй қожайынымен өткізген кездесуінде өңірдегі семсердің жүзіндей өткір де өзекті мәселелер талқыға түсті. Негізі, үлкен саясатта бірінші басшылардың ой-пікір, көзқарастарының тоқайласа қоюы екіталай. Ішкі мүдде, жасырын пиғыл бар дегендей. Мысалы, Назарбаев пен Трамптың Ауғанстанға қатысты ойы бір жерден шықты. 32 миллион тұрғыны бар елдің болашағы сағымдай құбылып, тыныштығы сабындай бұзылғалы қай заман? Соғыстан көз ашпай, мылтығының ұңғысынан оқ пен от сейілмегелі қай заман? Сіңірі шығып, кендірі кесілген осы кедей елге қол ұшын созған, гуманитарлық жәрдем берген ел болса, ол - Қазақстан. Сондықтан, АҚШ президенті осы жақсылығы үшін Қазақ басшысын ерекше бағалады. Ал, Қазақстанның Америка әскеріне террористермен шайқаста логистикалық көмек көрсетуі қос елдің халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі қауіп-қатерлерді иық тіресе еңсергісі келетіндерін аңғартады. Жалпы, саяси процестерді қалт жібермейтін халықаралық сарапшылардың «бұл сапарды тарихи» деп бағалауы да бекер емес. Оған кездесуде қол жеткізілген жілікті-жілікті келісімдердің көптігі дәлел. АҚШ енді Қазақстанның жолаушылар тасымалына, денсаулық және білім салаларына өздерінің озық технологияларын әкеліп, тәжірибесімен бөліседі.
Қазақ халқы 7 санын киелі деп бекер айтпаған. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған 7-ші ресми сапары еліміз үшін табысты болды. Орталық Азиядан Ақ үйге арнайы шақырылған Тұңғыш Президент түрлі салада қос елге де тиімді, ауқымды келіссөздер жүргізді. Соның бірпарасын шолып өтейік. 2015 жылы Орталық Азияда АҚШ тарапынан жүзеге асырыла бастаған С5+1 форматы жалғасатын болды. Мұны қос елдің басшылары қолдады. Өйткені, Америка Орталық Азияның ең ірі инвесторы, оған қоса осы аймақтағы тәуелсіз мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепіл бола алатын мемлекет.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі. Қазақстан бұрынғы Кеңес үкіметінің бір бөлшегі болды. Ал, қазір Орта Азия елдерінің атынан келіп тұрмын. Қазір біздің аймаққа қызығушы елдер көп. Ресей мен Қытай болса, оңтүстікте Ислам әлемі бар. Меніңше, Орта Аазияда Американың болғаны маңызды. Әсіресе, С5+1 форматының жалғасқаны дұрыс деп есептеймін. Қазақстан Ауғанстанға 75 млн. доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Оның сыртында мыңдаған ауған жастарын тегін оқытып жатыр. Оған қосымша 50 млн. доллар жұмсалды.
Ауған мәселесі тек Қазақстан мен АҚШ-ты емес Орталық Азияны толғандыратын мәселе. Экстремистердің ошағына айналған мемлекетке қос тарап барынша қол ұшын созып келеді. Ендігі мақсат - лаңкестік топтардың осы аймақтағы өзге елдерге өтіп кетуіне жол бермеу.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- «ИГИЛ», «Талибандармен» соғыс жүргізіп жатқан біздің қарулы күштерге Қазақстан логистика және жол ашу тұрғысынан қолдау көрсете беретіні жөнінде Президенттің өзі айтқанын аса жоғары бағалаймын. Біз Қазақстанның ауған жастарына білім беріп, көмек көрсетіп жатқанын ұмытпауымыз керек. Қазақ Президенті қосымша тағы көмек болатынын айтты. Сол үшін алғысымды білдіремін. Себебі, Ауғанстанда ең алдымен тыныштық керек. Америка Құрама Штаттары мықты болуға ұмтылатын елдерді, өзінің айналасындағы көршілерін сыйлайтын мемлекетпен дос болуға ұмтылады.
Қазақстан – Американың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі. Сондықтан, еліміздің сан саласына жан-жақты қолдау көрсетеді. Алпауыт елдің тәжірибесі Қазақстан үшін тиімді. Бүгінгі күні елімізде Құрама Штаттардың ірі әрі беделді компаниялары жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін олар экономикамызға 50 миллиард доллардай инвестиция салды. Мыңдаған адамды жұмыспен қамтыды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Американың сауда палатасының өкілдерімен кездесіп, 20 құжатқа қол қойып, 7 млрд. долларға жуық келісімшарт жасалмақ. Осыдан-ақ екі ел кәсіпкерлерінің арасындағы қызығушылықты байқауға болады. Қазақстанда 900 электровоз жасауға және аграрлық секторда бірнеше біріккен жобаны іске асыру көзделген.
Қазақстанның әуе паркіндегі «Boeing» ұшақтарының саны артатын болды. Мемлекет басшысы жүргізген келіссөздердің арқасында елімізге «Boeing 737 MAX 8» және «Boeing 787 Dreamliner» ұшақтары жеткізілетін болды. Алғашқы тапсырыс – 9 дана. Сондай-ақ, еліміздің темір жолдарында 2019 жылдан бастап General Electric компаниясының тіркемелі локомотивтері жолаушы тасымақ. Теміржол паркіне қосылатын GE локомотивтерінің саны – 300.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды.«Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады.
Қазақстан мен АҚШ денсаулық сақтау саласында да ортақ жобалар жүзеге асырады. Америка бұл салада тек озық технологияларды пайдаланады. Назарбаев университеті мен Питсбург медициналық университеті халықаралық онкоорталық құруға уағдаласты. Сондай-ақ, биылдан бастап америкалық мұғалімдер өңірлерде ағылшын тілін үйретуді бастайды. Жағдайы төмен отбасыларға 480 стипендия бөлінеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында да бірқатар келісімдер жасалды.
Далл Говард, «Эмити технолоджи» компаниясының президенті:
- Қазақстаннның жер көлемі үлкен. Яғни, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Біздің компания Қазақстанға агроөнеркәсіп саласына қажетті техниканы жеткізіп отыр. Бүгінгі кездесуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік кәсіпкерлерге жасалған жеңілдіктер туралы айтты. Бұл әрине, Американың бизнес қауымдастығын қатты қызықтырды.
Қазақстандағы Америкалық инвесторлардың да саны артады. Ол үшін «Қазақ Инвест» компаниясы АҚШ-тың «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорациясымен арнайы меморандумға қол қойды.
Том Селуччи, Cellucci Associates, Inc компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
- Жалпы, бұл кездесудің маңызы зор. Бұл екі ел қатынасына жаңа серпін беретін сапар болды. Нұрсұлтан Назарбаев білікті саясаткер. Оның Дональд Трамппен сәтті жүргізген келіссөзі екі елге де жаңа мүмкіндіктер ашады. Мен бизнес саласында 40 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Сондықтан, Қазақстан пен Америка байланысының жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айта аламын.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкаға сапарын күллі әлем талқылады. Әсіресе, стратегиялық маңызды серіктестер елдердің басты ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Президенттің санаулы сағаттардың ішінде жүргізген келіссөздері, Қазақ экономикасын еселетіп, ел беделін асқақтататынына олар сеніммен қарайды. Лайым солай болғай.
Бақытжан ОМАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы