Басты Жаңалықтар Семейде сынған жамбас сүйектерін қалпына келтіру бойынша ота жасалды

Семейде сынған жамбас сүйектерін қалпына келтіру бойынша ота жасалды

Бірегей операция отандық медицина университеті мен Сент-Луис университеті арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жүзеге асты. Америкалық профессор, хирург Жолдас Құлжанов ортопедиялық хирургия жөнінде шеберлік дәрістерін өткізді. Шетелдік дәрігерлер ота жасаудың озық әдіс-тәсілдерін ТМД елдерінде Қазақстанда бірінші болып енгізіп отыр.

Мұндай күрделі операцияны жасау білікті хирургтерге ғана жүктеледі. Бұл отаны медицина тілімен «Жамбас сүйектерінің синтезі» деп атайды. Семейде операция 50 жастағы ер адамға жасалды. АҚШ-тағы травмотологтардың үздік бестігіне кіретін хирург сынған сүйек пен буынның қабілетін бірнеше сағатта қалпына келтіруі тиіс.

Жолдас Құлжанов, ортопедиялық хирургия департаментінің профессоры:

- Науқасқа ертең тұруға рұқсат береміз. Жамбасқа салмақ түсіруге болмайды. Сүйек пен буынның дұрыс бітуін бақылаймыз. Әдетте, бұл 10-12 аптаға созылады. Өзінің буынын аман сақтап қалуға тырысамыз. Операцияның мақсаты да - осы.

Медицина университетінің 3-курс студенті Серік Мүкиев америкалық ғалымның жасаған операциясын экран арқылы бақылағандардың бірі. Хирургтің ақыл-кеңесіне құлақ түрді. Әдісін екшеді.

Серік Мүкиев, медицина университетінің студенті:

- Осындай хирургтердің қаламызға келіп, білгенімен бөлісуі өте маңызды. Көп нәрсені үйренеміз, көкейімізге түйеміз. Осы арқылы болашақта хирургияның дамуына үлесімізді қосып, отандық медицинаны әлемдік деңгейге көтереміз деп ойлаймын.

Сүйектер зақымданғанда тамырлардан қан кетіп, зардап шегушінің өліп кетуі де мүмкін. Оны болдырмас үшін мамандар бірден операцияға жүгінеді. Ал, оның сәтті аяқталуы хирургтің біліктілігі мен заманауи құрылғыларға байланысты. «Бұл ретте шетелдік мамандардан үйренеріміз көп», - дейді отандық ғалымдар.

Ерсін Жүнісов, медицина ғылымдарының докторы:

- Буын алмастыру, қиын сүйек сынықтарын емдеу кезіндегі технологиялар жалпы ТМД елдеріне, Орталық Азияға, Қазақстанға, оның ішінде солтүстік-шығысқа алғаш енгізіліп жатыр.

Жамбас сүйектерінің зақымдануы өте ауыр жарақаттар санатына жатады. Сондықтан, мұндай операцияларды жасауға бел буатындар кемде-кем. Зардап шегушіге дұрыс көмек көрсетілмесе, ол мүгедек болып қалуы мүмкін. Бірақ, медицинаның бүгінгі жетістігі мұндайға жол бермейді. Сондықтан, хирургия саласындағы жемісті әріптестік әлі де жалғаспақ.

 

Дарын САҒИТОВ

Бөлісу