Басты Жаңалықтар Елімізде бүйрегін берген адамға мүгедектік қарастырылмаған

Елімізде бүйрегін берген адамға мүгедектік қарастырылмаған

Баласына бүйрегін берген анаға мүгедектік беру қарастырылмаған. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының 28 жастағы тұрғыны Сымбат Қапизованың денсаулығы күннен-күнге нашарлап, мүмкіндігі шектеліп қалды. Трансплантация жасалған ұлына да ерекше күтім қажет. Қиындыққа тап болған отбасы қазір Оралдан 500 шақырым қашықтықта орналасқан шалғайдағы ауылдан қалаға келіп, пәтер жалдауға мәжбүр. Жергілікті билік те еш көмек көрсете алар емес.

Жан дегенде жалғызы Бақытнұр қаңтарда аяқ астынан қызуы көтеріліп, қатты ауырған. Дәрігерлер екі бүйректің семіп қалғанын айтып, шұғыл Астанаға жіберген. Анасының бүйрегі үйлесіп, көп ұзамай балаға операция жасалған.

Бақытнұр Ғұбайдолла, Орал қаласының тұрғыны:

 - Тәуірмін. Еш жерім ауырмайды. Сегіз жастамын. Өскенде полиция болғым келеді.

Бірақ, екі айдан соң Сымбаттың өз денсаулығы сыр бере бастаған. Алайда, елімізде туысқанына өз еркімен бүйрегін берген адамға мүгедектік қаралмаған.

Сымбат Қапизова, Жәнібек ауданының тұрғыны:

 - Біраз нәрсеге мүмкіндігім шектеліп қалды. Үйде де ауыр нәрселер көтере алмаймын. Ел басқарып отырған ел ағаларына өтініш жасаймын. Мүгедектік беру керек деп ойлаймын.

Әрі иммунитеті әлі де әлсіз Бақытнұрды әлсін-әлсін тексертіп отыру керек. Ол үшін ата-әжесі немересімен қалада 65 мың теңгеге сыз тартқан ескі үйді жалдап тұрып жатыр.Ал, Сымбатқа  кезекпен пәтер алуы үшін қызметке тұру қажет. Облыс орталығынан 500 шақырым жердегі ауылдарынан да жұмыстың реті келер емес. Сол себепті бір бүйрегін беріп, жарымжан болып қалған азаматтардың мүддесін қорғайтын заңның қажеттілігі анық.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:  

- Құжатын жасақтап, тиісті мүгедектікке берілетін жәрдемақыларды төлеу әрі адами тұрғыда, әрі мемлекеттің адамына деген көзқарасы тұрғысынан дұрыс болар еді.

Аталған мәселені заңнамалық тұрғыдан қарастыру қажет шығар деген ойдамын. Егер де мемлекет тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда, бұл әрине белгілі бір деңгейде адамдарға кепілдік, қалыптасқан мәселені шешуге серпіліс береді деген ойым бар.

Жалпы, облыс бойынша бүйрек сырқатына ұшыраған 450 бала есепте тұр. Өңірдегі екі диализ орталығында 180 адам үздіксіз ем алады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Бақытнұрдың бағы бар. Оған анасы бүйрегін берді. Ол секілді 3 бала мен 32 ересек адамға трансплантация жасалған. Ал қазір облыста 100-ге жуық адам бүйрек донорлығын күтіп жүр.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Бөлісу