Басты Жаңалықтар Алматылық өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қимылдауы үшін экзокиім ойлап тапты

Алматылық өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қимылдауы үшін экзокиім ойлап тапты

Мұндай роботтық технология Америка, Канада, Жапония, Ресей және Израиль мемлекеттерінде құрылыс және медицина саласында қолданылады. Ал, Мемлекет басшысының Жолдауында «ақылды» техниканы дамыту міндетінің қойылуы жас конструкторларға жігер берді.

Еламан Ертай бала күнінен робот техникасын жасаумен айналысады. Конструкторлар арасындағы жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған. Жаңалық ашуға жаны құмар азамат енді «ақылды» технологияны дамытуға бағытталған игі істі қолға алды. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың қимылдауына мүмкіндік беретін экзокиім жасап шығаруға ден қойды.

Еламан Ертай, өнертапқыш:

- Қанайналымын жақсартады, жүрмеген кісіге алғашқы рет қадам жасауға көмектеседі.

Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандардың бұлшықеттері қимылдамағандықтан, қозғалысы жыл сайын семи береді. Бұл егде тартқан адамдарға да қатысты. Олардың буындарының тұрақты жұмыс істеп, бұлшықеттерінің жаттығуына көмектесетін құрылғының аналогы дамыған елдерде бар. Бірақ, олар өте қымбат тұрады. Сондықтан, елімізде оны ешкім қолданбайды. Ал, конструкторлар «өз жобаларын қолдайтын демеуші табылса, ісіміз ілгері жүріп, экзо киімдерді өзіміз жасап шығарар едік», - деп отыр.

Әбдіразақ Жанбосин, жоба жетекшісі:

- Арнайы дәрігерлерге тексертіп, сараптамасын алдық. Болашақта бізге қажет өнім деп жатыр. Қосылып бірге жұмыс істейтін демеушілер табылса, инвестиция құятын кісілер табылса, осы жобаны үлкейту жоспарымызда бар.

Экзо киімдердің барлық қосалқы бөлшектері елімізде дайындалған. Тек редукторды Жапониядан әкелген. «Ақылды» техника адамның қимыл-қозғалысына қарап әрекет етеді. Жолдауда жүктелген міндеттердің бірі - ақылды технологияны дамыту жобасы. Міне, осы бағыт жас ғалымдарға серпін беріп отыр. Енді олар осы мүмкіндікті пайдаланып, мұқтаж жандар үшін қолұшын созып, көмек бермекші.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Бөлісу