9 жасар Ділнәзға көмек қажет
Қызылордалық 9 жасар Ділнәздің салмағы 75 келі. Кішкентай баланың бұлайша күннен-күнге ауырлап бара жатқанына ата-анасы алаңдайды. Ал, дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. Негізі Ділнәз туа бітті гидроцефалия дертіне шалдыққан, одан бөлек, денесінің сол жағы қозғалмайды. Бойында тағы бірнеше дерт бар. Бүлдіршін дәл қазір балалық шақтың бал дәмін татудың орнына, қоларбаға таңылып, дәрменсіз күй кешуде.
Ол өзге балалармен ойнамайды, өзгелер секілді құлдыраңдай жүгірмейді, өз еркімен қимылдап, қажетті затын да ала алмайды. Салмақ артқан сайын қозғалысы тіпті қиындап барады. Айына 1-1,5 келі қосылып жатыр.
Гүлнәр Әбдіхалықова, Ділнәздің анасы:
- Күннен-күнге өсіп жатыр. Мына арбаның өзіне отырғыза алмай жатырмыз. Бәрі басқа байланысты болып тұр ғой, о бастағы диагнозы гидроцефалия, бір аппаратпен тексереміз деп отыр. Сол арқылы білеміз дейді.
Ол аппарат Түркияның Стамбул қаласындағы медициналық орталықта ғана бар. Қаражат болса, ондағылар баланы қабылдауға әзір. Ділнәздің ата-анасы жомарт жандардың көмегімен біраз ақша жинады. Енді тек 700 мың теңге жетпей тұр. Дәл қазір бұл отбасына көпшіліктің қолдауы ауадай қажет. Уақыт та тығыз. 5-ақпан күні Ділнәз ата-анасымен Стамбулда болуы тиіс.
Гүлнәр Әбдіхалықова, Ділнәздің анасы:
- Бар арманымыз Ділнәз жүріп кетсе дейміз. Біз қасында болмағанда, Ділнәз ешкімге масыл болмай, өз аяғымен жүрсе екен дейміз. Қазір бірде бар адам бірде жоқ қой. Осы қызды уайымдаймыз. Аяққа жүріп, ең болмаса өзінің нанын тауып, басқа балалар қатарлы білім алып, адам болса екен дейміз.
Бауыр еті баласының қиналғанын көру ауыр, әрине. Ділнәзінің дерттен айыққанын күндіз-түні тілеген анаға жеткіншектің өмірге құштарлығы көңілге медеу, жанына жалау.
Ділнәз Әбдіхалықова:
- Аяғыммен жүргім келеді, аяғыммен доп тепкім келеді. Өскен соң аудармашы болғым келеді. Жүріп кетсем, ата-анам той жасар еді.
Гармондық ауытқушылық Ділнәздің ағзасын да ерте жетілдіріп жатыр. Бұл да алаңдатарлық жағдай. Сондықтан, әр күн, әр сағат, әр минут маңызды. Қолұшын созамын деген мүмкіндігі бар азаматтар болса, Ділнәздің анасының телефон нөмірін ұсынамыз. 87054328413
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы