Басты Жаңалықтар Елордалық Абдуллаевтар отбасындағы бес баланың үшеуі дауасыз дертке шалдыққан

Елордалық Абдуллаевтар отбасындағы бес баланың үшеуі дауасыз дертке шалдыққан

Астанада бес баласының үшеуі сирек кездесетін ауруға шалдыққан отбасы тұрады. Абдуллаевтардың кәмелетке толмаған балаларына муковисцидоз диагнозы қойылған. Бұл кесел 10 мың адамның бірінде ғана кездеседі. Дауасы жоқ дертпен күресу үшін күнде ем қабылдамаса, бала өліп кетуі мүмкін. Әрі бес баланың анасы да ІІ топ мүгедегі. Тауқымет тартқан отбасы біздің телеарнадана көмек сұрады.

Абдуллаевтар отбасының әр таңы осылай атады. Ингаляторсыз ауру балалар тыныс ала алмайды. «Сырт көзге сап-сау боп көрінгенімен, ішкі ағзалары іріп жатыр», - дейді ата-анасы. Үйдегі 5 баланың үшеуі – сирек кездесетін муковисцидоз дертіне шалдыққан. Егіз қыз Алуа мен Алана - 8-де, Адель - 15 жаста.

Альмира Длимбетова, Астана қаласының тұрғыны:

- Бастапқыда бронхит, пневмония диагноздарын қойды. Уақыт жоғалтып алдық. Тек 2015 жылы ғана муковисцидоз деп тапты. Бұл дерт жазылмайды. Жұқпалы емес, туа бітті, генетикалық ауру. Қазақстанда емделмейді. Тек шетелде. 3 ай сайын Мәскеуге барып, ауруханаға жатамыз. Өте қиын қаржы жағынан. Иммунитеттері әлсіз, өкпе, ішек жолдары, бауыр бұзылып жатыр. Дәрісіз тамақ іше алмайды.

Отбасы 2003 жылы Шымкенттен көшіп келген. Отағасының мамандығы медицина қызметкері. Бес баланың жағдайын жасау үшін ауруханадағы жұмысын тастап, жеке кәсіп ашқан. Қыздардың анасы Альмираның өзі де ІІ топ мүгедегі. Бір аяғында протез. Бес жасында жол апатына ұшыраған. Тағдыр талайымен 7 адамның 4-еуі мүгедек боп отырған отбасының көмек сұрап бармаған жері қалмапты. Басты базынасы – баспана. Осы құрқылтайдың ұясындай жерде тамақ ішеді, ұйықтайды, демалады, ем алады.

Ермек Абдуллаев, Астана қаласының тұрғыны:

- Балалар 15-16 жасқа дейін ғана өмір сүреді. Баспанамыз жоқ, өзіміздің істеп жатқан жұмысымыздың бәрі осы балалар үшін, солардың жағдайы үшін. 16 жасқа толады, сосын болды деп күтіп отырған жоқпыз. Барынша жағдайларын жасап отырмыз. Әкімдікке бардық. «Кезек бойынша аласыздар», деді.

Қазір отағасының тапқан-таянғанының бәрі емге кетеді. Бір дәрінің өзі 1 млн. 800 теңге тұрады. Ол тек бір айға ғана жетеді. Мемлекеттен тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бірақ, тек негізгі 3-4-еуіне ғана. Қалғанын отбасы өз қаржысына сатып алады.

Абдуллаевтар отбасы қандай көмекке де мұқтаж. Егер қайырымды жандар болса, экранда көрсетілген нөмірлерге хабарласуларын сұраймыз.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Бөлісу