Алматыда Оңтүстік Кореямен бірлесіп жұмыс істейтін амбулаториялық емхана ашылды
Қазақстанның шетелдік инвестицияны тартуы экономикалық байланысты нығайтады. Осы бағытта медицина саласында соны серпін бар. Бұған дәлел, Алматыда алғаш рет біздің ел Оңтүстік Кореямен бірлесіп жұмыс істейтін амбулаториялық емхананы ашты. Орталықтың басты ерекшелігі – кез келген деңгейдегі қатерлі ісік пен ішкі ағза ауруларын болдырмауға септігін тигізеді. Озық технологиялармен жабдықталған медициналық мекемеде аталған елден келген білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Мамандардың сөзінше, осы жобаға 340 миллион теңге шетелдік инвестиция тартылып отыр.
Елімізде көпкешенді емханаларды іске қосу - өзекті мәселе. Себебі, Қазақстан медицинаны қарқынды дамытып, халық денсаулығын көтеруде тың әдістерімен танылған Оңтүстік Корея мемлекетімен тығыз байланыс орнатуға ден қойып отыр. «Сондықтан, осы орталық тікелей қос елдің инвестициялық әлеуетінің нәтижесінде ашылды», - дейді мамандар.
Бұл орталықтың артықшылықтары көп. Барлық қондырғылар Оңтүстік Корея мен Сингапурдан әкелінген. Озық технологиялар аса қауіпті ауруларды бірден анықтап, молекулярлық диагностика арқылы емдеуге бағытталған. Сондай-ақ, Кореяның білікті мамандары науқастарды 13 бағытта емдейді. Оған қоса, аталған елдің дәстүрлі емдеу жүйесі де енгізілген.
Мин Хисук, бас кардиолог:
- Біз Қазақстанды басты серіктесіміз ретінде таңдаған себебіміз екі елдің арасындағы бірлік пен достық қарым-қатынастың беріктігіне сенім арттық. Әрі тек медицинадағы ғана емес, әр салада бірігіп жасаған жұмыстарымыздың жетістіктеріне сүйендік. Біз өзіміздің жаңа жүйемізді енгізе отырып, әр адамның денсаулығын қадағалаймыз.
Шетелдік мамандардың айтуынша, ана мен бала денсаулығына аса мән беру - Оңтүстік Кореяда жіті дамыған. Сондықтан, Қазақстанда да бүлдіршіндер мен жас аналардың денсаулығын қадағалау негізгі мақсаттардың бірі болмақ. Сондықтан да, бұл клиникада гинекологиялық ауруларды тың тәсілдірмен емдейді.
Ли Хе Ким, ТМД елдері бойынша Оңтүстік Корея Денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтының директоры:
- 2011 жылдан бастап медициналық қызмет түрлерін экспорттауды қолға алдық. Себебі, ол тек бір елдің медицинасын дамытып қана қоймай, бүкіләлемдік серпіліске алып келеді. Өз тәжірибемізбен жан-жақты бөлісе отырып, дәрігерлерді кәсіби түрде оқытамыз. Мақсатымыз ауруды асқындырмай, алдын алу.
Биыл елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде сапалы денсаулық сақтау қызметтеріне инвестиция тарту ісі ілгерілеп келеді. Себебі, былтыр медициналық қызметтерді сатып алуға жеке тапсырыс берушілер қатары 8 пайыз болса, осы жылы бұл көрсеткіш 13 пайызға жеткен. Сондықтан, жаңа орталық түгел дерлік шетелдік инвестицияның көмегімен ашылып отыр.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы