Астанадағы кардиохирургия дәрігерлері әлемнің ешбір жерінде орындалмаған операцияны жасады
Қазақ медицинасында тың революция. Астанадағы кардиохирургия дәрігерлері әлемнің ешбір жерінде орындалмаған операцияны жасады. Неге Америкада емес, неге Еуропада емес дейсіздер ғой. Себебі, шетелдік профессорлар біздегі кардиохирургия орталығын барлық талапқа сай, әрі мамандардың кәсіби шеберлігінің жоғары екенін ескере келе солай шешкен. Жаңа операцияның ерекшелігі сол, қан айналым құрылғысы адамның жүрегіне орнатылады. Ең бастысы, оның сыртқы аппаратпен байланыстыратын сымы болмайды.
Исмаил Тұрсыновтың өткен жылы аяқ асты денсаулығы сыр береді. 2-3 айдың ішінде 30 келі салмақ тастап, құр сүлдері қалады. Бірнеше сараптаманың қорытындысы оның жүрегінің дерті барын анықтапты.
Исмаил Тұрсынов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Басында дем жетпей жүрді. Сосын денем ісіп кетті. Жүре алмай қалдым. Ұйықтай да алмайтынмын. Тексеріле келе жүрегімнің жарамсыз болып қалғанын анықталды.
ФИВАД деп аталатын жаңа құрылғы Исмаилдың жүрегіне орнатылды. Жаңа аппараттың батареясы кеуденің ішінде сол жақта орнатылған. Оны арнайы белбеу арқылы магниттік толқынмен қуаттайды. 8 сағатқа жетеді. Ал, арнайы қолсағат жүректің соғуын, қанның қысымын көрсетіп тұрады.
Дәрігерлердің айтуынша, денеден сым шығатын жерде бактериялар жиналады. Ол жерді үнемі емдеп отыру қажет. Ал, жаңа құрылғыда ондай сымдар жоқ. Үлкен сөмкені бірге алып жүрудің қажеті де шамалы. Адам ешбір кедергісіз жүре алады.
Юрий Пя, «Ұлттық кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма басшысы:
- Қазақстанда жасанды жүрекпен жүрген 250-дей науқас бар. Олар үнемі бақылауда жүреді. Себебі, ішкі және сыртқы құрылғыны байланыстырып тұратын жерде инфекция болуы мүмкін. Ал, жаңа инновациялық құрылғының жұмысын біз бір жыл бақылаймыз. Содан кейін ғана жаппай қолдануға кеңес беруге болады.
Елімізде жүрек дертін емдеуде біршама жетістіктер бар. 250 жасанды жүрек салынып, 70-тен астам трансплантация жасалды. Ал, тәжірибеге жаңадан енген сымсыз аппарат та әлі талай жүректің соғысын жалғастырмақ.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы