Инфекциялық ауруханаларда орын саны көбейді
Еліміздің бірнеше қаласында маусымдық инфекцияларға байланысты медициналық мекемелерге түсетін жүктеме артқан. Мәселен, елордада 12–18 қараша аралығында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 21 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,2 есе көп. Ал Алматыда бір аптаның ішінде 17 мыңға жуық адам сырқаттанған. Санитариялық дәрігерлер мегаполистегі аурушаңдық көрсеткіші былтырғыдан 39 пайызға төмендегенін айтқанымен, инфекциялық ауруханаларда қосымша 172 төсек-орын ашылды. Оның 72-сі балаларға арналған. Қазір балалар инфекциялық ауруханасындағы орындардың 85 пайызы толы. Шаһардағы эпидемиологиялық ахуал туралы Алматыдан тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім Қуан Нұрақын тарқатып айтады.
Қуан Нұрақын, тілші:
Дәрігерлердің айтуынша, қабылдау бөліміндегі қарбалас әсіресе кешкі және түнгі уақытта күшейеді. Бұған кейбір ата-аналардың емханаға бармай, балаларын бірден ауруханаға алып келуі де себеп. Мұнда науқастар жағдайының ауырлығына қарай қабылданады. Ал санитариялық мамандар шаһардағы эпидахуал тұрақты, сырқаттанушылықтың шекті деңгейден аспағанын айтады.
Маусымдық инфекциялар ересектер арасында да кең таралып отыр. Ауруханаға жүгінгендердің 75 пайызы жіті респираторлық вирустық инфекция белгілерімен келген. Қазір стационарда 316 науқас ем алып жатыр. Маусымдық жүктемеге байланысты қосымша 100 төсек-орын ашылған. Ал зертханалық тексеру кезінде тұмаудың А және В типтерімен қатар, өзге де вирустар анықталған.
Гаухар Каткенова, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Өсу байқалмайды. 46-аптада алдыңғы апталармен салыстырғанда 3,9 пайызға төмендеген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға төмендеген. Тұмаудан басқа 7 респираторлық вирустық инфекциялардың басқа түрлері бар. Олар ротавирус, маусымдық коронавирус, риновирус осындай вирустардың айналымы бар.
Қуан Нұрақын, тілші:
Қазан айының басынан бері балалар инфекциялық ауруханасына 33 мыңнан аса бала жүгінген. Олардың 7 мыңы стационарға жатқызылған. Қалғандарына амбулаториялық көмек көрсетілген. Қазір мұндағы 720 төсек-орынның 85 пайызы толы. Дәрігерлер ата-аналарға баланы өз бетінше емдемеуге кеңес береді.
Ержан Сералин, қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының директоры:
Ауырып жатқан баланы балабақша мен мектепке апармау керек. Үйінде өз бетімен емдемеу керек. Ең алдымен емханаға, учаскелік дәрігерге жүгініп, сол жерден дұрыс ем жазғызып, емді дұрыс, уақытында бастау қажет.
Баланың жағдайы күрт нашарлап, тыныс алуы қиындаса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Тұмау асқынған жағдайда пневмония мен бронхитке ұласуы мүмкін. Ал екпе аурудың ауыр өту қаупін төмендетеді. Биыл Алматыда 250 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы вакцина алған.
Қуан, медициналық мекемелер науқастар саны артқан жағдайда қосымша жүктемеге дайын ба?
Қуан Нұрақын, тілші:
Сала мамандары қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық қоры жеткілікті екенін айтады. Қажет болса, қосымша төсек-орындар да ашылады. Дегенмен аурушаңдықтың төмендеуі қауіп сейілді деген сөз емес. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын естен шығармауға шақырады.
Читайте также
Все