Главная Новости Туа біткен тамыр ақауын емдеудің жаңа әдісі

Туа біткен тамыр ақауын емдеудің жаңа әдісі

Елімізде алғаш рет күрделі тамыр мальформациясы бар балаларға операция жасалды. Бұл – қан тамырларының туа біткен даму ақауынан туындайтын ауыр сырқат түрі.

Салдарынан балада қан кетіп, ауырсынулар болады. Қала берді, қимыл-қозғалысы да қиындауы мүмкін. Қазақстанда жыл сайын осындай диагнозбен 40-тан астам сәби дүниеге келеді. Ал ата-аналар баласына ем іздеп, шетел асуға мәжбүр болған. Мәселен, 2021–2024 жылдары мемлекет мұндай оталарға 437 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап, жылына небәрі 20-ға жуық балаға көмек көрсетіліп келді. Енді бұл дертті Алматыда да емдеуге мүмкіндік бар. Отандық дәрігерлер неміс мамандарымен бірлесіп, алғашқы сегіз балаға операция жасады.

Жанар Серікбаева, Семей қаласының тұрғыны:

2020 жылдан бастап біз 2025-ке дейін Мәскеуге барып, 11  рет операция жасалды. Қалай барамын, Германияға қалай апарамын деп жүргенде жақсы жаңалық келді. Алматыға барасыз, бірден осында келіп, осы жерде ем алдық. Эффект бар, жақсы. Енді қазір жақсы болады, өйткені біз шет ел аралап, шықпайтын шығармыз деген ойдамыз.

Алматылық дәрігерлер жаңа емдеу әдісін Германияда меңгеріп, тәжірибеден өтті. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына заманауи медициналық жабдықтар жеткізілген. Емдеу кезінде жаңа әдіс қолданылатын дәрі мөлшерін азайтып, баланың ағзасына түсетін салмақты жеңілдетеді. Диагностикадан бастап, емдеу мен оңалтуға дейінгі медициналық көмектің барлығы Алматыда жүргізіледі. Орталық жылына 100-ге жуық ем-дом жүргізуді жоспарлап отыр.

Вальтер Вольгемут, Галле университеттік клиникасының профессоры:

Бұл дертті емдеудің тың әдісін 2019  жылы әзірледік. Қазір ауруханамызда жылына 500-ге жуық балаға көмек көрсетіледі. Кейін тәжірибемізді медицинасы дамыған бірқатар елдер де қолдана бастады. Бүгінде оны қазақстандық дәрігерлерге де үйретіп жатырмыз. Әзірге оқытудың жартысы аяқталды. Тәжірибе алмасу екі жылда толық аяқталады.

Поделиться