Главная Новости Кофеханаларға қазақша кітап таратылды

Кофеханаларға қазақша кітап таратылды

Астанадағы кофеханаларға қазақ тіліндегі 1500 кітап таратылды. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында арнайы сөрелерге қойылған туындыларды келушілер еркін алып оқи алады. Онда қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары мен жергілікті авторлардың кітаптары бар.

Енді Абайдың қара сөздерін, Мұқағалидің өлеңдерін, Бауыржан Момышұлының шығармаларын кофеханада отырып оқуға болады. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында елордадағы демалыс орындарына 1500-ге жуық кітап таратылды. Бастамаға Жазушылар одағының Астана филиалы мен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйытқы болған. Негізгі мақсат – кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыру.

Сәкен Есіркеп, Астана қаласының тілдерді дамыту және архиы ісі басқармасының басшысы:

Бір жарым мыңның көлемінде кітаптар жиналды. Классика бар, әлемдік классика бар. Іскерлік әдебиет, арасында сөздік қосып жатырмыз. Егер қазақ тілін білмейтін адам болса, қазақша түсінуге мүмкіндік болсын деп.

Жобаға қызығушылық танытып, кітап сөресін ашуға ниетті кофеханалар саны да артып келеді. Кәсіп иелері бұл бастаманы қолдайды. Олардың айтуынша, кітап сөресі интерьердің бір бөлігі ғана емес, келушілер еркін алып оқи алатын ортақ ресурс болуы керек.

Бекзат Әуезхан, кофехана қызметкері:

Менің ойымша, бұл жақсы бастама. Кофе ішіп, смартфон ұстағанша, кітап оқыған әлдеқайда пайдалы. Біздің ұжым бұл жобаны қолдайды. Қазір кофе ішпейтін адам кем де кем. Осы жоба арқылы бір адамның болса да кітапқа деген қызығушылы артса, қуанамыз.

Ұйымдастырушылар бұл бастаманы кез келген адам жалғастыра алады дейді. Астаналықтар үйінде тұрған кітапты қаладағы кофеханалардың біріне апарып, сөресін толықтыруға болады.

Поделиться