Главная Новости Тұңғыш қазақ антропологы Оразақ Смағұл дүниеден өтті

Тұңғыш қазақ антропологы Оразақ Смағұл дүниеден өтті

Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Осы аптада 96 жасында тұңғыш қазақ антропологы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұл дүниеден өтті. Ол бар ғұмырын қазақ халқының шығу тегі мен қалыптасу тарихын зерттеуге арнады. Қола дәуірінен бүгінге дейінгі адам сүйектерін салыстыра зерттеп, қазақ халқының осы даланың байырғы тұрғындары екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге күш салды. Академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен ғылым жолына түскен ғалым отандық антропология мектебінің негізін қалады. Оның тағы бір маңызды еңбегі – Абылай ханның бас сүйегін зерттеп, антропологиялық деректер негізінде ханның бет-бейнесін қалпына келтіруге қатысуы. Ғылымға адалдық пен ұлт тарихына деген жауапкершілікті өмірлік мұратына айналдырған тұлғаның артында мол мұра қалды.

Зиябек Қабылдинов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:

Ағамыздың жаңалығы, сенсациялық жаңалығы деп айтсақ болады, 5 мың жылдай мына бүгінгі қазақпен тура сол сақтардың кезінде, оның алдында өмір сүрген тұрғындардың тура байланысы бар. Біз осы жердің байырғы иесіміз деп айтқысы келді. Соны антропологиялық зерттеулерінде дәлелдеді. Қазақтардың өздері, ата-бабалары ешқашан Ираннан, ешқашан Америкадан, ешқашан басқа жерден көшіп келген жоқ. Жергілікті автохтонды халық екенін сүйекті, қанды, басқа позицияларын зерттеп, осыны айтып кетті.

Әлімғазы Дәулетхан, Оразақ Смағұлұлының шәкірті, тарих ғылымының кандидаты, профессор:

Зерттегенде Абылайдың бас сүйегі екенін дәлелдеп, Үкіметтің, министрліктің ризалығын алып, сол күннен бастап Абылайдың бас сүйегі, бас бейнесі сызылып, ол теңгеміздің символы болды бір кезде. Бұл еңбек – Оразақ ағаның бүкіл өміріндегі жиған-терген тәжірибесінің жемісі, біздің қазақ халқының бақытына қарай осындай әділ, еңбекқор және терең білімді, нағыз отаншыл ғалым екені дәлелденді.

Оразақ Смағұлұлы 36 экспедициялық және далалық зерттеуге қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Кеңестік кезеңде еңбектері цензураға ұшырап, ғылыми ізденісіне кедергілер жасалса да, ұстанымынан айныған жоқ. Өмірінің соңына дейін ғылымнан қол үзбей, қазақ тарихын тереңірек тануға қызмет етті. Ол ұлттың өткенін сүйек арқылы сөйлетіп, тарихтың терең қатпарларын ғылыми дерекпен дәлелдеуге тырысты. Ғалымның өзі өмірден өткенімен, артында қалған еңбектері мен қалыптастырған мектебі қазақ ғылымының игілігі болып қала бермек.

Поделиться