Басты Жаңалықтар Алматы тұрғындарына мемлекеттік марапаттар тапсырылды

Алматы тұрғындарына мемлекеттік марапаттар тапсырылды

Алматы тұрғындарына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Тәуелсіздік күніне орай мемлекеттік марапаттар табыстады. Жоғары наградаларға дәрігерлер, мұғалімдер, қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін қосқанда жалпы саны 76 адам ие болды. 

II дәрежелі «Достық» орденімен Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің тең төрағасы марапатталса, «Құрмет» ордені 11 алматылықтың кеудесіне тағылды. Ал, III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені троллейбус жүргізушісіне, «Алматыметроқұрылыстың» тау-кен және бетон бұйымдары цехының шеберлеріне табысталды. Сондай-ақ, қажырлы еңбегімен көзге түскендерге «Ерен еңбегі үшін» медалі лайық деп танылса, аға медбикелерге, акушер-гинекологтарға және бірқатар ғылыми зерттеу орталықтарының басшыларына «Шапағат» медалі бұйырды. Бұған қоса, еріктілер мен медициналық-коммуналдық мекемелердің мамандарына Мемлекет басшысының Құрмет грамоталары табыс етілді.  

Салтанатты жиыннан соң Бақытжан Сағынтаев инновациялық мәдени орталықтың ашылуына қатысты. Жаңадан ашылған креативті хаб қалада жасампаз орта қалыптастыру үшін қолға алынған. Яғни бір идеяның өмірге келуінен бастап оның іске асуына дейінгі сатыларды осы жерде жүзеге асыруға болады. Бизнеспен айналысып оны дамытамын деушілерге де барлық жағдай жасалған.  

Аяжан Әлиханова, №170 лицейдің 9-сынып оқушысы:  
-Осы орталыққа қуана-қуана келдім. Өте әдемі жер. Көптеген оқушыларға пайдасы тиеді деп ойлаймын. Осындай орталықтардың Қазақстанда, әсіресе Алматыда көбейіп жатқанына қуаныштымын.   

Бұл мультимедиялық кеңістікке келушілерге анимация, бейнеарт және 3D кескіндер бойынша да қосымша курстар оқытылады. Алдағы уақытта мұндай хаб орталықтар қаланың барлық аудандарында ашылады деп жоспарланып отыр.

Қуан Нұрақын


Бөлісу