Басты Жаңалықтар Ақтөбеде республикалық маңыздағы үш жолдың құрылысы басталды

Ақтөбеде республикалық маңыздағы үш жолдың құрылысы басталды

Қазақстанда жол құрылысы қарқын алды. Еліміздің барлық аймағын байланыстыратын, заманауи, сапалы жолдар салынуы тиіс. Бұны халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы айтты. Жаңа жобалар жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін ғана емес, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін де аса маңызды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Облыстағы республикалық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 1875 шақырым. Оның 122 километрі жөнделіп жатыр. Өңірде ауқымды үш жоба жүзеге асады. Оның бірі қазір біз тұрғын «Ақтөбе-Ұлғайсын» учаскесі. Бұл жол толығымен 2028 жылдың соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.

«Батыс Еуропа -Батыс Қытай» көлік дәлізінің бұл бөлігі талай жылдан бері жүргізушілерді титықтатып келді. Ойдым-ойдым жолдан қашамын деп опық жегендер қаншама! Елдің оңтүстігінен шыққан көліктер Ресей шекарасына дейін бірнеше тәулікте әрең жетеді.

Виктор Макаров, көлік жүргізушісі:

Шымкенттен Ресейге дейін 4 күн жүреміз. Ырғыз, Қарабұтақ ауылдарынан Ақтөбеге дейінгі жол нашар. Дегенмен, жөндеу жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын көріп, қуанып қалдық.

Жүргізушілер енді жол азабынан құтылады. Ақтөбе қаласы мен Ұлғайсын ауылына дейінгі 262 шақырымдық төрт жолақты автобан құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің Астана-Ырғыз учаскесінде де жұмыс басталды. Ал, «Бейнеу-Сексеуіл» автожолының облыс аумағындағы бөлігі толығымен жаңадан салынады. Облыстық маңыздағы жолдар да жаңартылып жатыр.

Есет Аманбаев, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

Ізімбет пен Ембі елдімекендерінің арасындағы жолға жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар қостанай облысына апарар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді және Ақтөбе-Орск-Әлімбет өткізу пунктіне дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Жауаптылар құрылыстың ауқымына ғана емес, сапасына да ерекше мән беруі тиіс. Жаңадан салынып жатқан жолдар бес сатылы тексеруден өтеді. Соңғы қорытындыны Ұлттық сапа орталығы береді.

Тельман Малаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры:

3000-ға жуық жол-құрылыс материалы тексерілген болса, оның ішіндегі 57 сынама сәйкессіздік болып шықты. Соның ішінде 36 ақау анықталса, бүгінгі таңда 21 пайызы жойылып тұр.

Анықталған ақаулар бойынша облыста 14 мың шаршы метрден астам  асфальт-бетон жабындысы қайта төселді. Мамандар құрылыс жұмыстарын тексеру барысында салғырттыққа жол бермейміз деп сендіріп отыр.

Бөлісу