Дәрігерге күш көрсеткендерге қатысты 50 қылмыстық іс тіркелген
Дәрінің жайын айттық, енді дәрігердің жағдайына тоқталайық. Күні кеше ақтаулық тұрғын медицина маманының жағасына жармасып күш көрсеткен еді. Өкінішке қарай соңғы кезде мұндай жағдайлар жиілеп барады. Президент жолдауында учаскелік дәрігерлердің жалақысын 40 пайызға өсіруді тапсырған. Ал олардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Жақсылық Жасұланұлы зерттеп көрді.
Ақтаулық ағайынның есін екеу, түсін төртеу еткен оқиға тайға таңба басқандай бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ауруханаға соқырішек болып барған баласын ақ халаттылар қабылдамағасын әкесі ашуға булыққан көрінеді. Үстелді теуіп, дәрігердің жағасына жармасқан. Ал қызметкерлер болса науқасты емханаға жатқызудан ата-анасы бас тартты деп отыр.
Жәнібек Теміров, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:
Хирургиялық-потология жоққа шығарылып керекті белгілеріне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасына жолданады. Жолданғаннан кейін сол жерде дәрігерлерге қаралып, облыстық жұқпалы ауруханаға жатудан бас тартады. Қағаздары бар.
Жыл басынан бері дәрігерлерге дөң айбат көрсеткендерге қатысты 50 қылмыстық іс тіркелген. Әсіресе жедел жәрдем қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндер көп екен. Ал психологтар бұл қорқыныштан туған әрекет деп қорытып отыр. Ауруханада адамның көптігі, ақ халаттыларда уақыттың жоқтығы жанжалға себеп. Сол себепті мейірбиікелер пациентке мейірім танытуы тиіс.
Лимана Қойшиева, психолог:
Жедел жәрдем болсын, кәдімгі дәрігер болсын бірінші орында сезіммен бөлісуі керек. Мен сіздің қазіргі уақытта сіздің қатты уайымдап тұрғаныңызды білемін. Дәл қазір біз осы пациентке осындай көмек көрсетеміз. Уайымдамаңыз, сабыр сақтаңыз...
Дегенмен маманның міндетін атқаруына кедергі келтіретін жайттар көп. Сол үшін былтырдан бастап бейнежетон тағу міндеттелген еді. Қазір Шымкент пен Жамбыл облыстарында жаңа жүйе толық іске қосылған. Жауаптылар қарашаның соңына дейін тағы 10 өңірді толық қамтамасыз етпек.
Бауыржан Мелдебай, ҚР ДСМ Цифрландыру департаментінің басқарма басшысы:
Қылмыстық іс қозғалса, енді бір жағдай болса, тиісті ресми сұраулар арқылы бұл видеомен бөлісуге болады. Видеожетонның тағы да бір ерекшелігі бұл арнайы SOS батырмасы. Азаматтың тарапынан шабуыл бірдеңе болса, SOS батырмасы іске қосылып тиісті хабарлама біздің құқық қорғау орындарына ақпарат түседі. Бұл жағдайда олардың тарапынан тиісті шаралар қарастырылатын болады.
Қысқасы 3000-нан аса қызметкер қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілмек. Тағы бір айта кетерлігі құрылғы автоматты түрде іске қосылады, ал жазбалардың барлығы отыз күн бойы сақталады. Алайда адвокаттар видеоны қолданарда мұқият тексеру керегін ескертті.
Дүйсенғали Мұхамедияр, адвокат:
Конституциямыздың 18-бабына сәйкес, өз құқығын қорғау есебінде пайдалануға, дәлел есебінде пайдалануға болады. Видеожетондағы жаңағы монтаждалған ба, кесілген ба, қырқылған ба оны да тексеру қажет деп есептеймін. Себебі керек дүниені жазып қалдырып, керек емес дүниені қысқартып тастамайтындай болуы керек.
Ал Ақтаудағы
оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Денсаулық сақтау министрі бүгін Үкімет
үйінде тараптардың тартысы толық тексеріліп, айыбы дәлелденсе, кінәлілер
жауапқа тартылатынын жеткізді.
Жақсыбек
Жасұланұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы