«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Бүгін Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. 20 өңірден іріктеліп, үздік атанған отбасыларға арнайы сыйлықтар мен 2 млн теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды. Мерейлі отбасы бұл – ұлағатты ұрпақ тәрбиелей отырып, береке-бірлігі жарасқан, еңбегімен елге үлгі болған өнегелі отбасылардың дәстүрлі байқауы. Биыл жеңімпаз атанғанғандардың қатарында мұнай, кен, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым салаларына еңбегі сіңген, өнерге өмірін арнаған жандар бар. Көпбалалы отбасылармен қоса, бала асырап алып, бауырына басқан мейірімді жандар, елдімекеннің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әулеттер де лауреаттардың қатарынан көрінді. Жамбыл облысынан келген Теңізбаевтардың шаңырағы - ғасырға жуық уақыт балық шаруашылығымен айналысады.
Күміс Бәкірқызы, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:
9 балапан тәрбиеледім. 36 Немерем бар, 38 шөберем бар. Өзімнің жұбайым балықшы болды. Балық деген оңай емес, жазда жел болады. Қыста мұз қатып, күн суық болады. Соның бәрін жан жолдасым Теңізбайым жеңіп, осы отбасы әулетім мерейтойын алдық.
Айдын Теңізбай, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:
Бас жүлдені алып керемет сезімде тұрмыз. Отан отбасынан басталады дегендей Мемлекет басшысына ризашылығымызды білдіреміз. Аталарымыз балық кәсібімен, одан әкеміз, одан туған 4 баласы бригадамен балық аулайды. Ауылымызда балық зауыты бар. Шетелдерге экспортталып жатыр.
Дәстүрлі байқау елімізде 2014 жылдан бастап өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылдан жылға қатысуға ниет білдіргендердің қатары артқан. Биылдың өзінде 3 жарым мыңнан астам өтінім түскен. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында адами әлеуетті арттырудың және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті өнегесін көріп өскен ұрпақ сол қасиеттерді өміріне серік етеді. Әр шаңырақтың өмірден түйген тағылымы, берік ұстанған дәстүрі мен көпке үлгі болар игі істері бар. Сондықтан осындай әулеттердің өмір жолы көпшілікке кеңінен таныстырылуы тиіс, – деді мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Жаңа конституциямызда отбасы құндылықтарына айрықша мән беріп , неке мен отбасының, ана, әке мен баланың мемлекет қорғауында болатыны айрықша бекітілді. Бұл мемлекеттің отбасы институтына деген берік ұстанымының айқын көрінісі.Бүгінде елімізде 6 млннан астам отбасы бар. Әр шаңырақтың амандығы, балалардың қауіпсіз әрі мейірімге толы ортада өсуі мемлекеттік отбасы саясаттарының басты басымдықтарының бірі.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
Биылғы жылы қатысқан отбасылардың үштен бірі – жас отбасылар екен. Бұл бірінші рет. Сондықтан да жас отбьасылардың осы конкурсқа қызығушылық танытқанын жақсы серпін деп білеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы