Басты Жаңалықтар Елімізде дәріханалар саны 10 мыңнан асты

Елімізде дәріханалар саны 10 мыңнан асты

Дәріханалар көбейді. Бүгінде еліміздегі фармацевтикалық сауда нүктелерінің саны 10 мыңнан асып жығылады. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 6 пайызға артқан. Ал санның артуы сапаға қалай әсер етті. Бәсеке күшейіп, препарат  бағасы түсті ме? Бүгін Үкіметте жалпы денсаулық сақтау саласының жай-күйі қаралды. Бас дәрігердің баяндамасын тыңдаған Ернұр Медет баяндайды.

Ернұр Медет, тілші:                                                                             

Астана, Алматы сынды алып шаһарларда әр көшеде алдыңыздан қосу белгісі менмұндалап тұрады. Қуантарлық, я үрке қарайтын жағдай деп кесіп айта алмаймыз. Білетініміз, биыл дәрі-дәрмек саудасында 800 заң бұзушылық анықталған. Бірі науқасқа тегін берілуі тиіс препаратты сатса, енді бірі бекітілген  бағаны негізсіз көтерген.

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

150-ден астам субъектіге арнайы тексеру жүргізілді, жаңағы тегін дәрі-дәрмекті сатты деген фактілер бойынша. Ол бойынша біз тиісті әкімшілік арнайы хаттамалар толтырып, мысалы, жалпы субъектілердің барлығына 20 млн-нан астам штраф салынды ол субъектілерге. Сонымен қатар бұл материалдарды біз арнайы құқық қорғау органдарына жолдадық.

Саудадағы тәртіп түзелер. Басты мәселе дәрі-дәрмек саласында сыртқы нарыққа кіріптар екеніміз мәлім. Дегенмен жауаптылар біртіндеп тізгінді қолға алып жатыр. Өндірісті өркендету үшін ірі инвестициялық жобаларға жол ашылмақ. Жалпы құны 862 миллион доллар болатын сегіз жобаның аясында 494 түрлі  өнім шығару жоспарланған. Сондай-ақ Алматыда үш фармацевтикалық кәсіпорын салынады.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

«Нобел» компаниясы 53 дәрілік заттар мен биопрепараттарды, «РОМФАРМ» компаниясы қабынуға және микробқа қарсы дәрілердің 101 түрін, «АлтИНФАРМ» компаниясы онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған 54 дәрілік затты өндіру жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған 3 инвестициялық жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Президент Жолдауында шикізатты шала-жансар күйде сатпай, терең өңдеуге көшіру міндетін қойған еді. Себебі тың технологияны игермесек, отандық өндірістің де өрісі кеңеймесі анық. Үкімет басшысы осы бағытта нақты міндеттер жүктеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Президентіміз халыққа жолдауында атап өткендей өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға баса мән беру керек. Сондықтан жай ғана орап-қаптаудан бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірісінің толық циклын жолға қою, стратегиялық міндетке айналуы тиіс.

Межелі міндет 2029 жылға қарай отандық дәрі-дәрмектің үлесін 50 пайызға жеткізу. Сонымен қатар препараттардың ауыл-аймаққа уақытылы жетуінде қамтамасыз ету. Бүгінде  алты өңірде жаңа логистикалық орталық салу жоспарланған. Алғашқысы келер жылы Ақтөбеде ашылмақ. Кейін Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау мен Семейде бой көтереді. Жеке қоймалар дәріні сақтау мен тасымалдауды жеделдетіп, сыртқы операторларға тәуелділікті азайтуға тиіс.

Бөлісу