Басты Жаңалықтар Түлкібастық шаруалар арзан жанар-жағармайды алыстан тасуға мәжбүр

Түлкібастық шаруалар арзан жанар-жағармайды алыстан тасуға мәжбүр

Түркістан облысы Түлкібас ауданының шаруалары Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктен қағылып келеді. Өйткені арзандатылған жанар-жағармайды жүздеген шақырым жердегі қоймадан тасып алуға көптің шамасы жетпейді. Бұл жылда қайталанатын жағдай.  

Кемербастау ауылында тұратын Орынбасар Ебеков былтыр өзіне тиесілі 1 тонна жағармайдың 200 литрін әрең тасып алды. Оның өзін Шымкентте тұратын бала-шағасы ауылға келгенде шағын ыдыстарға құйып әкеп берді. Амал жоқ қарамағындағы 10 гектар жерін өңдеу үшін жанар-жағармайды қымбат та болса жақын жерден сатып алуға тура келген.   

Орынбасар Ебеков, шаруа: 
-Шығынды өтемейді. Шымкентке барысы 90 км. Көрмейсіз бе 180 шақырым жерден әкелу керек.  

Түлкібас ауданындағы 2 мыңға тарта шаруа талай жылдан бері тап осындай қиындықты бастан өткеріп келеді. Ылғи да қоймасы шалғайда орналасқан тасымалдаушы операторларға тап келеді.

Ғани Әлтеев, шаруа: 
-2-3 шаруашылық жабылып, бір бензовоз жалдаймыз.  

Ауданда 4 мыңнан астам шаруа қожалығы болса, жыл сайын соның жартысы арзандатылған жанар-жағармай алу үшін әкімдікке өтінім береді. Соның негізінде былтыр көктемгі егіс пен күзгі жиын терімге 5 жарым мың тоннадай жанар-жағармай бөлінген.

Абылай Төлепбергенов, Түлкібас ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі: 
-Негізі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында тендер өтеді. Негізінен оны ұтатындар Шымкент қаласында орналасқан.  

Алайда облыстық мекеме бұл жерде барлық жауапкершілікті аудандық әкімдіктің өзіне артып отыр.

Нұрбол Бекмұратов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: 
-Аудан әкімдігі ұсынған операторды бекітеміз. Бұл жерде ауыл шаруашылығы басқармасының міндеті үйлестіру ғана.  

Үкіметтік жеңілдікпен берілетін жанар-жағармай бағасы нарықтағы бағадан 15 процентке арзан болуы тиіс. Яғни 10-15 теңге аралығында. Алайда бір-біріне сілтеген жүрдім-бардым тірліктің арқасында жермен жан баққан шаруа несібесінен қағылып отырған жайы бар.

Ғани Қалмаханов                                                           


Бөлісу