Өзбекстаннан қоныс аударған қандастар жайылым мен егістік жер жоқ деп шағымданады
диқанға егіс, төрт түлікке жайылым жоқ
Ертеректе Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударып, Түркістан облысының Заңғар ауылына жайғасқан қандастарымыздың іргесі сөгіліп, үйін тастап кетіп жатыр. Өйткені кезінде берілген 600 гектардан астам жерді шамасы келгендер меншіктеп алған. Тұтас ауылға соның небәрі оннан бірін ғана қалдырған. Бүгінде елді мекендегі 200-дей шаңырақтың не егін салатын, не төрт түлігін жаятын жері жоқ.
Шиеттей бала-шағасы бар бұл отбасы осы екі сиырмен күн көріп отыр. Қысы-жазы қорадан шығармайды. Қымбат болса да азығын сатып алады.
Раушан Толыбаева, ауыл тұрғыны:
Құр шөп саламыз. Жем-шөп қымбат. Әйтеуір екі малды зорға асырап отырмыз. Ары шығарсақ қуады. Иелері штраф салады.
Заңғардағы бар үйдің көрген күні осы. Кезінде жайылымдық деп берген 300 гектардан астам жерді беймәлім біреулер бөліп, иемденіп алған. Қалғаны - мазардың маңындағы алақандай жер. Оның өзінің екі жағы егіндікке, бір жағы каналға барып тұйықталады.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Жайылымның шетінен кертіп бөліп алған кәсіпкерлер өзіне тиесілі аумақты осындай ор қазып шегендеп алған. Биіктігі адам бойынан асатын шұңқырға абайсызда түсіп кеткен төрт түлік тұрмақ адамның өзі өзгенің көмегінсіз шығуы неғайбыл.
Ауылда 400-ге жуық ірі қара бар. Уақ мал одан 2-3 есе көп. Жұрт төрт түлігін әлсін-әлсін қайырып, күн ұзақ каналдың жағасы мен жол жиегіне жаюға мәжбүр.
Омарбек Үсенов, ауыл тұрғыны:
Мына жерден өтсек, қайтарыңдар дейді. Анау жерден өткізбейді. Анау тасқа апар дейді. Ол жерде ешнәрсе жоқ. Мал топырақ жалап кеп жатыр.
Атажұртқа қоныс аударған отбасыларға кезінде Заңғар ауылынан 619 гектар жер берілген. Оның жартысы- суармалы егістік. Содан қазір қалғаны - 88 гектар ғана.
Өктем Қоңыратбаев, ауыл тұрғыны:
Осы ауылдың 10 адамында егістік жер бар. 190 үйдің ішінде. Барлығы диқан. Диқаншылықты жақсы біледі. Осыларға жер берілсе.
Жергілікті билік заңғарлықтарға тиесілі жердің не себепті талан-тараж болғанын дөп басып айта алмады. Бірақ енді үлестен қалдырмаймыз деп отыр.
Расул Орынбаев, Қазығұрт ауданы жер қатынастары бөлімінің бас маманы:
Қақпақ ауыл округінен бүгінгі таңда 1 мың 100 гектар жер қайтару жоспарлануда. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Бұл жерлер халыққа ортақ пайдалануға беріледі.
Кейінгі жылдары ауылда қаңырап бос тұрған үйлер көбейді. Дені күнкөріс үшін ірі мегаполистерге жұмыс іздеп кетіп жатыр.
Ғани Қалмаханов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы