Басты Жаңалықтар Топтан ажырап қалған төрт студенттің бағыты анықталды

Топтан ажырап қалған төрт студенттің бағыты анықталды

Табылған туристер 2 мың шақырым биіктіктегі Өгем шатқалы маңында топтан ажырап қалған. Олар алдымен Шымкент әуежайына жеткізілді. Ал қалғандарын іздеу әлі жалғасып жатыр. Бірнеше күннен бері біздің түсіру тобымыз да оқиға орнында жұмыс істеуде. Әріптесім Ғани Қалмаханов баяндасын.

Табылған үш жігіттің ата-анасы мұнда болмағанымен штаб басында күтіп жүрген ересектер оларды құшақтап қарсы алды. Олардың ішіндегі жезқазғандық Саят Өскенов алдын ала келісілгеніндей бірге оқитын достарымен бірге «Юбилейный» шыңына дейін жетіп қайтар жолда адасқандарын айтады. Алғашында олардың бірі науқастанып жүруге жарамай қалған. Амал жоқ саяхатшылар екіге бөлініп, екі жігіт ауырған досының қасында қалады. Қалған төртеуі тездете жүріп отырып, өзгелерді көмекке шақырмақшы болған. Алайда олардан хабар болмаған соң кейінгі топ тағы да жолға шығады.

Саят Өскенов,  Назарбаев университетінің студенті:
 Бізде карта дұрыс болмаған екен. Қателесіп кетіппіз. Сөйтіп жүре беріппіз. Өзенге келіп тірелгенде адасқанымызды түсіндік.

Табылған үш жігіттің бірі батысқазақстандық, екіншісі ақтөбелік. Үшеуі де әбден шаршап, қалжыраған. Қазір олармен психолог мамандар әңгімелесіп жатыр. Ал төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары балаларды Шымкентке жеткізісімен тікұшақтың жанар-жағар майын толтырып, дерексіз төрт жігітті іздеуге қайта шықты. Құтқарылған азаматтардың сөзіне сүйене отырып, топтан ажырап қалғандардың кеткен бағыты анықталды. Құтқаршуылардың сапына ерікті тағы 8 альпинист қосылды.

Нұрғали Жүніс , Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Өгем өзені бойында іздеу жұмысы жалғасын табатын болады.

Жоғалғандарды іздеу аймағы нақтыланғандықтан орталық штаб бүгін Өгем бойына көшірілді. Егер ертең күн райы жақсы болса төтенше жағдай қызметінің тікұшағы қайтадан әуеге көтеріледі.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Жасақталған жедел штаб маңынан тікұшақтың қонуына ыңғайлы жер қарастырылды. Өйткені қалған туристердің бірі табыла қалса осында әкелуі мүмкін. Қазір штаб аумағында апаттар медициналық орталығының жедел жәрдем дәрігерлері дайындық жасап жатыр. Олар бірден туристердің денсаулығын тексеріп, жарақаты болса ем жасайтын болады.

Ғани Қалмаханов

Бөлісу