Бағыс тұрғындары үйге келіп тұрған табиғи газды тұтына алмай отыр
Түркістан облысындағы Бағыс ауылының тұрғындары үйлеріне кеп тұрған табиғи газды пайдалана алмай күйініп отыр. Өйткені «ҚазТрансГаз» мекемесі құжаттарды рәсімдеу ісін созбалаңға салып келеді. Көгілдір отынға сеніп, пешін бұзып тастаған жұрт енді қысқа қалай қамданарын білмей дал. Не көмір сатып аларын білмейді. Не газдың қосылатынына сенімі жоқ.
Көгілдір отынды күте-күте суыққа әбден тоңған Нәзира апа амалсыз көмір түсірді. Күздің қара суығына үйдегі 6 айлық шақалақ тұрмақ, ересектердің өзі бүрсең қағып кетті. Шілдеде келеді деген көгілдір отын әлі жоқ.
Нәзира Жәукеева, ауыл тұрғыны:Ақшамыздың бәрін газға бергенбіз. Көмір ала алмай отырмыз. Азғантай көмір алдық қарызға. Ертең қыс түссе ол азғантай көмір не болады.
Ауылдағы үйлердің дені ескі пешін бұзып, газға арналған қазандық орнатып та қойған. Су жаңа күйінде әлі тұр. Пешін ауыстырғандар енді бармағын шайнап жүр.
Орал Жанқожаев, ауыл тұрғыны:Кредитке алдым қуанып кетіп пешке ал деген соң газға. Қазір осыны жаға алмай отырмыз. Көмірге арналмаған. Қазір босқа экспонат, музей боп тұр.
Бағыстағы 260-тан астам үйдің жартысына жуығы техникалық негіздеме алу үшін «Қазтрансгазға» құжаттарын жаз басталмай жатып өткізіп қойған. Қағаздар облысқа жіберілген күйі қайтып келмеді.
Бір-біріне сілтеп, жұртты сандалтқан екі мекеменің бұл мәселеге айтатын жауабы да сырғытпа болып шықты.
Сәкен Сманов, «ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалы Қазығұрт газ шаруашылығының басшысы:Бүгінгі таңда сыртқы жүйенің құрылысы толық аяқталғанымен мердігер тарапынан облыстық мұрағатқа тиісті құжаттары өтпей тұр. Сол себепті техникалық шарт беру әзіре тоқтатылған.
Арман Айтқожаев, мердігер компанияның басшысы:Өзімізге тиісті жұмыстарды аяқтап қойғанбыз. Мәселе барлық жерге барсақ мораторий дейді. Бүткіл Қазақстан бойынша. Сол мораторийге орай кешіктіру болып жатыр дейді. Документтер істеу қиын.
Қазір «Бағыста» екі үй ғана табиғи газ жағып отыр. Ауылдастары секілді олардың да құжатты рәсімделмеген. Тіпті төлемақы жасайтын есепшоты да жоқ. Қос отбасы монополист мекеменің мұндай қамқорлығына қалайша іліккендерін білмей дал.
Ғани Қалмаханов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы