Ерболат Досаев 19 құрылыс нысанындағы барлық жұмысты тоқтатты
Алматы әкімі Ерболат Досаев 19 құрылыс нысанындағы барлық жұмысты тоқтатты. Осыған дейін бірнеше аумақта салынып жатқан нысанға тұрғындар шағымданған. Ал құрылысқа жауапты компаниялар бәрін заң аясында істеп отырғанын алға тартады. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов құрылыс нысандарын аралап, тұрғындармен тілдесті.
Бұл учаскеде бір-екі жыл ішінде 50 пәтерлі төрт баспана бой көтеруі тиіс. Жақын маңдағы тұрғындар жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының тоқтатылуын талап етіп келеді. Өйткені, нысанға апаратын кіре беріс жол ортақ. Құрылысшылар олардың аулаға кіріп-шығуын қиындатады. Әрі нысан перзентхана жанынан салынып жатыр.
Тұрғындардың сөзінше, бұл маңда кезінде саябақ болған. Ал, жер телімін сатып алған компания мұнда тек қоқыс жатқанын айтады. Мекеме заңгері құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы әкім тапсырмасын естімедік дейді.
Евгений Зеленский, заңгер:Бізде қажетті құжаттардың барлығы бар. Заңға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Құрылысты тоқтату туралы әкімдіктен хабарлама келген жоқ. Бүгін үзіліс жарияладық. Ертең жұмысты жалғастырамыз.
Ал, Самал-3 ықшам ауданында орналасқан мына үйдің тұрғындары саябақ орнына салынып жатқан бизнес орталығының құрылысын мүлде тоқтатуды сұрап отыр.
Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:Үйден шыға салысымен міне, мынадай көрініске назарың ауады. Көріп тұрғандарыңыздай биік темір қошаулар тұр. Кезінде бұл аумақта тұрғындар шығып демалатын, бой жазып, ой сергітетін саябақ болған. Ал, қазір амалы таусылған азаматтар көлемі 10 метрден аспайтын шағын, тар ауланы қанағат тұтуға мәжбүр.
Азаматтар былтыр әкімдікке бірнеше рет шағымданған. Күз айында құрылыс тоқтатылыпты. Дегенмен, тұрғындар учаскеде жұмыс әлі жалғасып жатқанын байқаған.
Наталья Черноножкина, қала тұрғыны:Жақын арада құрылыс жұмыстары басталды. Оны терезеден көріп отырмыз. Біз осы мәселенің шешіліп, бізге қайта саябақ салынуын сұраймыз.
Президент тапсырмасы сәйкес Алматыда нүктелі құрылысқа тыйым салынғанына қарамастан, ережені елемегендер анықталды. Осыған байланысты, қаланың жаңа әкімі Ерболат Досаев 19 нысанда барлық жұмыс түрін тоқтататты.
Нұрсұлтан Тілектесов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы