Алматылық тұрғын 8 қарияны қамқорлығына алып, аядай ғана үйін паналатып отыр
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар». Алматылық Саниям Мұхамедсадықова 8 қарияны қамқорлығына алып, аядай ғана үйін паналатып отыр. Олар - тағдырдың тәлкегімен жақындарынан айырылып, жалғыз қалған жандар. Арасында ерекше күтімді қажет ететін мүгедектер де бар. Мейірімді азамат алдағы уақытта көмекке мұқтаж жандарға арнап баспана тұрғызуды жоспарлап отыр. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесовтің бейнематериалы.
Людмила Зозульскаяның жасы - 84-те. Осыдан бірнеше жыл бұрын инсультпен ауырып, төсек тартып қалған. Қазір өздігінен қимылдау былай тұрсын, сөйлей де алмайды. Жақындары болмаған соң, Саниям Мұхамедсадықова өз қарамағына алған. Ал, зейнеткер Александр Неворотов 8 жыл бұрын қант диабетіне шалдығып, екі аяғынан бірдей айырылған. Әйелі мен ұлы қайтыс болған соң, мүмкіндігі шектеулі жанға күтім жасайтын адам табылмаған.
Александр Неворотов, зейнеткер:
Мұнда тұрып жатқаныма 4 жыл болды. Жағдайымды жасап жатыр. Мені қамқорлығына алған Саниямға алғыс айтамын. Өйткені жақындарымнан айырылғанан кейін өмір сүруге құлшынысым қалмап еді, осында келгелі кеудемде үміт оты оянды.
Михаил Николенконы осыдан бірнеше ай бұрын жалғыз ұлы мен қарындасы қарттар үйіне тапсырған. Бірақ, ол жақта азамат өзін жайсыз сезініп, кетіп қалғанын айтады. Содан екі-үш апта көше кезіпті. Ал, Санияммен сапаржайда кездейсоқ танысқан.
Михаил Николенко, зейнеткер:
Саниям менен жақын жердегі аялдамалардың бірін көрсетіп жіберуімді сұрады. Сол жерде екеуіміз таныстық. Менің барар жерім жоқ екенін біліп, өз үйіне алып келді. Жақындарым бере алмаған жылулықты осы үйден таптым.
Санияммен бірге тұратын әр қарияның тағдыры әрқилы. Дегенмен, олардың барлығын осы бір аядай ғана баспанадағы жылулық біріктіріп тұр.
Саниям Мұхамедсадықова, облыс тұрғыны:
Адам өз басына келмейінше, өзгенің тағдырын түсінбейді. Кезінде көршім қатты сырқаттынып, ақтық демі қалғанша жанында болдым. Сондықтан бұл кісілердің қандай қиындықтарды бастан кешкенін мен жақсы түсінемін. Ата-анам, мектептегі мұғалімдерім жастайымнан мейріміді болуға үйретті. Сондықтан қолымнан келгенше жақсылық жасауға тырысып жүрмін.
Кейіпкеріміздің қайырымды ісіне күйеуі қолқабыс етеді. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жанжаоға күтім жасау бір адамға қиынға соғады.
Нұрсұлтан Тілектесов, тілші:
Ерлі-зайыптылар көшеде қалған, жақындарынан айырылған көмекке мұқтаж жандарға жандарға арнап, мына жерден баспана салуды да көздеп отыр. Көріп тұрғандарыңыздай үйдің негізі қаланған. Мүмкіндігіміз болса, жыл соңына дейін құрылысты аяқтаймыз дейді олар.
Саниямның мұндай игі істі қолға алғанына 7 жылдан асқан. Бүгінге дейін 15 адамға қамқорлық жасап, кейбірінің шаңырақ көтеруіне де қол ұшын созған. Көмегіміз қажет болса есігіміз ашық дейді өзі. Мейірімді жан қазақтың «Кең болсаң, кем болмайсың»-деген дана сөзін берік ұстанады.
Нұрсұлтан Тілектесов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы