Алматы облысында жол-көлік оқиғалары жиілеген күре жолға жаяу жүргіншілер өткелі керек
Самсы ауылының тұрғыны Самсыбек Әжібаевтың сөзінше, «Алматы-Бішкек» тас жолында күні кеше бір адамды көлік қағып кеткен. Қайғылы оқиғаға себеп - күре жолда жаяу жүргіншілер өткелінің болмауы.
Самсыбек Әжібаев, ауыл тұрғыны:
Жаназадан келе жатырмыз. 84 жылғы баланы ауылдың бір жігіті Ұзынағашқа барамын деген соң сол жаққа апарып тастаған. Сол жерде машина қағып кетіп отыр.
Өйткені, ауыл тұсында жылдамдыққа қатысты ешқандай белгілер қойылмаған. Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды байланыстыратын жол осыдан бірнеше жыл бұрын Самсы және Тарғап ауылдарының ішімен өтетін. Апат жиілеп, бірнеше адам ажал құшқан соң, тұрғындардың сұрауымен елдімекен сыртына көшірілген.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ауыл тұрғындары жолдың арғы бетіне мына жер асты өткелімен өтуге мәжбүр. Олардың сөзінше, жаңбыр немесе қар жауса, бұл аумақ көлшікке айналады. Себебі, өткел тым ойда орналасқан
Тұрғындар бұл мәселенің тез арада шешілгенін қалайды. Өйткені, жол қауіпті. Бірнеше шақырымды айналып жүрмес үшін, көбісі жолды кесіп өтеді.
Қазір елдімекен тұрғындары малын өріске жіберуден де қалған. Себебі, айналма жол тым алыс. Әйтсе де, қараусыз қалған төрт түліктің жолға шығып кетуінен апаттық жағдайлар жиілеген. Ауылдық округ әкімі бұл мәселемен барлық тиісті мекемеге жүгінген. Әзірге нәтиже жоқ дейді.
Ержан Құсайынов, Самсы ауылдық округінің әкімі:
«ҚазАвтоЖолдың» өкілдері келіп жиналыс жасады. Қарастырамыз деген. Бірақ, компанияның Алматы облысындағы басшыларының жиі ауысуына байланысты бұл мәселе шешілмей жатыр.
Ал, «ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілдерінің айтуынша, бұл - бірінші санатқа жататын халықаралық маңыздағы жол. Ережелерге сәйкес бағдаршам орнатылмайды, жаяу жүргіншілер жолағына рұқсат жоқ. Ал тұрғындардың сұрайтыны - жер үсті өткелі.
Ләззат Стамғазиева, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ баспасөз хатшысы:
Жер үсті өткелін салу бірқатар шараларды талап етеді. Мәселен, сметалық құжаттама әзірлеу қажет. Оны сараптамадан өткізіп, қаражат бөлініп, белгілі бір мердігер компания анықталады. Яғни, бұл белгілі бір уақытта талап ететін ұзақ процесс.
Өткел салу үшін жаяу жүргіншілердің легі қарқынды болуы шарт. Ал, аталған қос ауылда 3,5 мыңға жуық адам тұрады. Мәселе шешілмесе, тұрғындар биліктен араша сұраймыз деп бекініп отыр.
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы