Басты Жаңалықтар Заңды тұлғалардың қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 36 трлн теңге

Заңды тұлғалардың қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 36 трлн теңге

Қазақстанда жеке және заңды тұлғалардың қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 36 трлн теңгеге жуықтаған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. «Бірінші несие бюросының» мәліметінше, қарыз алушылардың саны 6 миллион 300 мың адамнан асады. Халық қандай кредитті көп алады? Берешегін қайтара алмай жүргендер саны қанша? 

Гүлсара Пакиспаеваның бір басында үш несиесі бар. Тұңғышы мүгедек. Бес жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Үш баламды асырау үшін амалсыздан банкке жүгіндім дейді. Күйеуінен ажырасып, өзі де жұмыссыз қалғанда, жағдайы одан сайын қиындаған.

Гүлсара Пакиспаева, қала тұрғыны:
Жұмыс істегенде кредитімді ұстап отырды. Балаларым өсіп, сабаққа бара бастады. Анда-санда 10 мың теңге салып қоямын. Жалпы төлей алмай жүрмін.

Жылжымайтын мүліктің 40%-ы ипотекаға рәсімделген

«Бірінші несие бюросы» еліміз бойынша сатып алынған жылжымайтын мүліктің 40%-ы ипотекаға рәсімделгенін айтады. Жасалған келісім шарттардың орташа сомасы - 14 миллион теңге.

Руслан Омаров, «Бірінші несие бюросы» ЖШС бас директоры:
Былтыр жалдамалы кеңсе, пәтердің ақысы өсті. Көп адам осыдан кейін ай сайын біреудің қалтасына төлегеннен гөрі, мүлікті біржолата сатып алуға бел буған. Ипотека арқылы жылжымайтын мүлік рәсімдегендердің арасында 30 жасқа толмағандардың саны 20 пайыздан асты. Олардың басым бөлігі былтыр қазан айында келісім шартқа қол қойған.

1 млн-нан аса борышкер банкроттыққа өтініш бере алады

Республика бойынша бір миллионнан аса азаматтың жағдайын түзеу үшін Үкімет жақында банкроттық туралы жаңа заң қабылдады. Олардың дені, яғни, 215 мыңға жуығы Алматыда тұрады. Заң наурыз айынан бастап қолданысқа енеді. Сондықтан, қазірден бастап мәселені шешіп береміз деген алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Мұндай схемаларды біз әлеуметтік желілер арқылы көретін болсақ, құқық органдарына беру арқылы іс қозғауға дейін барамыз. Бұл заңды түрде қудаланады. Міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органға жолығу керек.

Мемлекеттік берілетін бұл мүмкіндікті пайдаланып, тұрмысымды түзеп алсам дейді Гүлсара. Қарызға белшесінен батқан жалғызбасты ана құжаттарын жинап, банкроттыққа өтініш беруге ниетті.

Қуан Нұрақын

Бөлісу