Басты Жаңалықтар Жолдау-2026: Түсіндірме тобы іске кірісті

Жолдау-2026: Түсіндірме тобы іске кірісті

Президент Жолдауындағы басым бағыттарды халыққа түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Үкімет пен Халық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Құрылтай депутаттарын құрылған топтар өңірлерді аралап жүр. Олар еңбек ұжымдары­мен кездесулер өткізеді, жастармен, кәсіпкерлермен және ауыл шаруа­шы­лығы саласының өкілдерімен пі­кір алмасады.

Бүгін арнайы топ Қосшыдағы ұстаздармен кездесті. Жолдауда айтылған мұғалімдерге қатысты мәлімдемелердің мән-маңызына тоқталды. Педагогтің негізгі миссиясы - балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу,-деді Президент. Сондықтан талқылау алаңында оқушы, ата-ана және мектеп арасындағы ортақ жауапкершілікті күшейту міндеттері көтерілді. 

Шолпан Каринова, ҚР Құрылтайының депутаты:

Мұғалімдерге бірінші кезекте айтарым, Педагогикалық ұжымның ішінде осы жолдауды өзіне тікелей қалай орындаймын, жолдауды орындау үшін әр мұғалімнен не талап етіледі, Педагогикалық ұжымнан не талап етіледі деген жаққа аударғым келді. Осы кезде біз Президент айтқан сапалы білім және адал азаматты тәрбиелеу арқылы халқымыздың білімділігін әл-ауқатын арттыруға тікелей мұғалімнің әсерін көрсете аламыз.

Түсіндірме тобы елордадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі мен қалалық жұмыспен қамту орталығында да болды. Мұнда Жолдауда айтылған әлеуметтік көмек туралы жан-жақты түсіндіріліп, ең төменгі жалақы мөлшері мен инклюзия мәселелері де сөз болды. Сондай-ақ «Халықтық құрылыс» жобасына биылдың өзінде Ұлттық қордан 1,5 трлн теңге бөлінеді. Соның арқасында көптеген жұмыс орындары ашылып, шағын бизнестің дамуына мүмкіндік тумақ.

Нәзипа Шанаи, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі:

Бір құрылысты салу үшін бізге не керек? Бізге техника керек? Онда техникасы бар жұмылады. Одан цемент керек, құм керек, бізге кірпіш керек. Олай болса, бізге соны жасайтын адам керек. Сонымен қатар құрылыста жұмыс істейтін адамдарға киім керек, каска керек. Оны да қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар олар тамақ ішеді. Олай болса оларды тамақпен де қамтамасыз ету керек. Соның әр бөлігі бізде халықтың ішінде жүрген орта бизнестің атқаратын жұмысы.

Сондай-ақ Astana Hub орталығында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиевтің жетекшілігімен IT саласының өкілдерімен кездесу өтті. Жиында жасанды интеллектіні коммерцияландыру және жаңа технологиялар арқылы мемлекеттік аппараттағы бюрократиялық кедергілерді азайту мәселелері талқыланды.

Дархан Ахмедиев, ҚР Құрылтайының депутаты:

Мемлекеттік қызметтерден ТОП-10 мемлекеттің арасына кіріп отсақ, яғни келесі этап бұл цифрландыру саласын жай ғана мемлекеттік қызметті алу емес, осы интернетті пайдалана отырып, жаңа технологияларды пайдалана отырып, өзіміздің әлеуметтік жағдайымызды көтеру. Экономикамызды көтеру.

Шағын және орта бизнес - ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Алайда кәсіпкерлердің жұмысына әлі де әкімшілік кедергілер, қаржыландырудағы қиындықтар мен ережелердің жиі өзгеруі тосқауыл болып отыр. Бұл мәселелер кездесулерде де көтерілді.

Дихан Қамзабекұлы, ҚР Құрылтайының депутаты:

 Құрылтайға түрлі саланың азаматтары өзінің ісіндегі кейбір шаруалардың салыққа байланысты дұрыс жүрмей жатқанын айтты. Әсіресе, өндірістік бұйымдар шығаратын балабақша саласындағы ұйымдар кей мәселені нақтылау керек екені, жеңілдетілген кредиттер ала алмай жатқандығы айтылды.

Білім, экономика, әлеуметтік әл-ауқат пен цифрлық жаңғыру. Президент жолдауы осы төрт бағытта тоғысады. Елдің алдағы бағытын айқындаған жолдауды түсіндіру мақсатындағы кездесулер өңірлерде әлі де жалғасады.

Бөлісу