«Халықтық құрылыс»: Бөлінген қаражат қатаң бақылауға алынады
Жұмсалған әр тиынның сұрауы болады. Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру қажет деді. Оның құрамына кімдер енеді? Жоба қашан әзірленеді? Бүгін сала сарапшылары Мемлекет басшысының жолдауын талқылады. Жиында ескі үйі бұзылатын тұрғындарға жаңа пәтер берілетіні айтылды. Тақырыпты тілшіміз Нұсрұлтан Тілектес толықтырады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ауыл, аудан, аймақтарға жаңа мектеп, жаңа аурухана, перзентхана мен оңалту орталықтары һәм спортзалдар салынады. Келер жылы тұтас Қазақстан алып құрылыс алаңына айналады. Үкімет жыл соңына дейін жобалардың нақты тізімін жасауы тиіс.
Бүгін Астанада тұрғын үй саласы, құрылыс индустриясы және өнеркәсіп бағытындағы ұйымдардың басшылары мен сарапшылар Президент жолдауын талқылады. Басты сұрақтардың бірі - «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыратын компаниялар мен кәсіпорындар қандай талаптар қойылады?
Жанна Байтемірова, «QAZINDUSTRY» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының директоры:
Ауқымды құрылысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті ресурстарды алдын ала үйлестіру маңызды. Атап айтқанда, құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету, инфрақұрылымның дайындығы, химия өнеркәсібінің мүмкіндіктері мен құрылыс компанияларының әлеуеті ескерілуі тиіс. Бүгінгі осы мәселелер кеңінен талқыланды.
Бастапқыда 100-ден астам әлеуметтік нысан бой көтереді деген жоспар бар. Жобаға ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді. Қыруар қаражаттың әр тиыны халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Сондықтан Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру қажеттігін айтты. Оның құрамына бірқатар салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіруі мүмкін.
Дәулет Кәрібек, ҚР Құрылтайының депутаты:
Осындай үлкен құрылысқа, осындай үлкен қыржы бөлініп жатқанда қоғамның, халықтың тарапынан бақылау болғаны жөн. Өйткені соғылып жатқан ғимараттар да, әлеуметтік нысандар да, қоғамның, халықтың игілігі үшін ғой сондықтан бұл жерге халықтың ат салысқаны жөн.
Азаматтар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының игілігін молынан көрмек. Су жаңа әлеуметтік нысандардан бөлек, үйлері бұзылатын тұрғындарға жаңа пәтер беріледі. Жоба бизнеске де оң әсерін беретінің ұмытпаған жөн. Мамандардың сөзінше, алдағы жылдары отандық құрылыс материалдарын өндірушілерге, қызмет көрсету саласына және білікті мамандарға сұраныс артады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстан аумағында қолданылатын құрылысқа қажеттінің 70 пайыздан астамы өзімізді өнідіріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы