Тауарын сыртқа шығарғысы келетін кәсіпкерлер үшін жеңілдіктер бар
Қазақстанның соңғы бір жылдағы экспорт көлемі 84,6 млрд долларға жетті. Бұл ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде өнеркәсіп өнімдерінің экспортын ұлғайту – еліміздің стратегиялық міндеттерінің бірі. Отандық өнімді сыртқа нарыққа шығару бойынша қазір кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Тауарын сыртқа шығарғысы келетін кәсіпкерлер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Металл қасбет шығаратын бұл компанияның нарықта жұмыс істеп жатқанына 10 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында 100-ден аса жоба дайындаған. Негізгі бағыт – ғимараттарға ерекше рең беретін қасбет жасау. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қазір отандық өнімдерге сұраныс шет елдерде де жоғары.
Мейірбек Есімбеков, «Neptune Engineering» компаниясының атқарушы директоры:
Биыл біз жылына 100 мың шаршы метр қасбет шығаруды жоспарлап отырмыз. Жұмысымызды 10 жыл бұрын мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып бастағанбыз. 2-3 жыл болды тауарымызды шетелдерге шығара бастадық. Өзбекстанда филиалымыз бар. Өндіріске қажетті мамандарды өзіміз оқытып, дайындаймыз.
Компанияның ендігі межесі – мемлекет беріп отырған мүмкіндіктерді пайдаланып өнімдерін Әзербайжан және Біріккен Араб Әмірліктеріне шығару. Кәсіпкерлерге көрсетілетін осындай қолдаудың арқысында соңғы бір жылда Қазақстанның экспорт көлемі 84 млрд доллардан асқан. Жалпы Қазақстан 106 елге тауар жібереді. Сыртқы сауда айналымы бойынша негізгі серіктес елдердің бестігіне – Ресей, Қытай, Италия, Түркия және Оңтүстік Корея кіреді.
Кәсіпкерлерді демеу мақсатында елімізде мемлекет тарапынан кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр сауда және интеграция министрлігі кәсіпорындардың экспортқа кеткен шығындарын өтеуге 9 млрд теңге көмек көрсеткен.
Нұрлан Құлбатыров, «Qaztrade» АҚ Бас директорының орынбасары:
Жол шығындары бар, болмаса көрмеген қатысу шығыны бар, өкілдік ашу, маркетинг, реклама барлығына ілгерілету және транспортық шығын деп екіге бөлінген. Сол бойынша өз құжаттарын export.gov.kz арқылы онлайн түрде толтырып, өз кезегімен, кім бірінші береді, сол қағида бойынша өтеледі.
Экспортқа көбіне шикізаттан мұнай мен металл және газ жөнелтілсе, ал дайын тауарлардан күнбағыс майы, ұн, макарон өнімдері секілді азық-түлік жіберіледі. Қазір «Қазақстанда жасалған» деген маркамен өнім шығаратын белсенді 650 компания бар. Яғни бұл өндіріс орындары үш жыл үздіксіз тауарды шет елдерге жөнелтіп келеді.
Қуан Нұрақын
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы