Басты Жаңалықтар Төменгі палата отырысында әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынылды

Төменгі палата отырысында әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынылды

Ал, бала асырап алғандарға мемлекет ай сайын ақша төлейді. Ол үшін жетім қалған ұл-қыздарды өз қамқорлығына алатын арнайы ата-аналар даярланбақ. Бүгін Мәжілісте түзетулер мен өзгерістер енгізілген заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Оған сай әке-шеше қамқорлығынсыз қалған балаларды сәбилер не балалары үйіне емес, арнайы даярлықтан өткен ата-аналарға тапсыру көзделіп отыр. Олар баланы 6 ай асырап, тәрбие беруге міндетті.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер әке-шешесі болмаса туыстарын тауып алып, туыстарына беруі керек. Егер туыстары болмаса басқа асыраушыға беруге болады.

Сондай-ақ, төменгі палата отырысында әйелдердің жұмыс күнін қысқарту ұсынылды. Депутат – Қарақат Әбден бұл тұрғыдан Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйену керек деген пікірде. Оның айтуынша, мұндай өзгеріс әйелдердің отбасына көбірек көңіл бөлуіне септігін тигізеді.

Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту арқылы біз оның отбасына, әсіресе бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береміз. Сондай-ақ ақылы декреттік демалыстың мерзімін 2 жылға дейін ұзартуды ұсынамын, өйткені балабақшалар баланы екі жастан қабылдайды. Оған қоса әйелдерді жұмыс орнында кемсітуден қорғайтын құқықтық шараларды күшейтуді ұсынамын.

Нұрсұлтан Тілектес


Бөлісу