Бүгін – Міржақып Дулатұлының туған күні
Бүгін – қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туған күні. Оның 140 жылдық мерейтойы туған жері, Торғайдан басталып, тұтас ел бойынша аталып өтіп жатыр. Міржақыптың мұрасы, ерлігі мен тағылымы түрлі іс-шаралар арқылы дәріптеліп, одан әрі зерттеліп жатыр.
Жасампаз рухтың жаршысы, мірдің оғындай өткір әрі жалынды сөздің иесі Міржақып Дулатұлының қазаққа қалдырған мұрасы мол. Әсіресе, ағартушылық бағыттағы еңбегі ерен. Ол Торғайда, Омбыда, Ақмола мен Зайсанда мұғалім болып сабақ берген. Бастауыш сынып оқушыларына арнап есеп және оқу құралын әзірлеген. Тарихты түгендеп, бірқатар сөздік те құрастырған.
Данияр Ихсан, Жас алаштанушы, PhD докторанты:
Міржақып Дулатұлы бар саналы ғұмырын ағартушылық ісіне арнаған. Өйткені, ол кісі мектеп мұғалімінен бастап, оқу-ағарту саласынан баспасөз ісіне ауысқан кезде де еш ағартушылық жұмысын тоқтатпады.
Биыл Қостанайдың қақ төрінде, Алаштың аяулы перзентінің еңселі ескерткіші тұғырына қонды. 140 жылдықтың аясындағы іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр.
Ақылбек Шаяхметов, Ақын, жазушы:
Жалпы, біз қостанайлықтар бұл тойға үлкен дайындықпен келдік. Торғай жерінде дүбірлі конференциядан бастап, ақындар айтысына дейін, одан басқа да еске алу шаралары өтті.
Міржақыптың мұрасын одан әрі зерттеп, өскелең ұрпаққа дәріптей түсу қажет. Бұл іс мектеп қабырғасы мен пәндердің аясында шектеліп қалмау керек дейді тарихышлар.
Қалжан Рақымжанов, тарихшы:
Оны біз тек тарих пәнінен ғана беріп қоймай, Астана қаласында үлкен бір және Торғай өңіріне арналған алаштанушы ғалымдармен бір немесе жергілікті тарихшылармен бір экскурсия жасауды жоспарлау керек.
Заңғар Кәрімхан, тарихшы:
Біз Абайдан қаншалықты алыстасақ, соншалықты жақындай түсеміз деген сөздің барлығы да Міржақыптың қаламынан шыққан. Демек, XX ғасырдың басында Алаш зиялылары Абайды өз дәуірінде аға тұтқан және ұлт азаттық қозғалыстың бағдаршамы ретінде қарастырған.
Міржақып қазақ баласының көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалады. Сол жолда аянбай еңбек етті, ерлік жасады. «Есеп құралы» – білім беру саласындағы алғашқы кітаптардың бірі. «Бақытсыз Жамал» – төл әдебиетіміздегі тұңғыш роман. «Жарты жаңқам қалғанша мен сендікпін, пайдалан қажетіңе жараса Алаш» деп кеткен Мірақыптың мұрасы әлі де мол. Өмір жолы мен шығармашылығында сөнбеген, жалынды рух бар. Сол жалынға жақындай түскен адамның бойында бүккен ерліктің шоғы тұтанып, лаулай түседі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы