Мұнай тасымалының жаңа бағыттары ашылады
Каспий құбыры консорциумына жасалған шабуылдан Қазақстан 100 млн долларға жуық шығынға ұшырады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов арнайы брифингте айтты. Қара алтын тасымалдаудың консорциумнан бөлек тағы қандай жолдары бар? Жаңа бағыттар ашыла ма?
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Қазақстан Каспий құбыр консорциумына шабуылдың салдарынан 500 мың тоннаға жуық мұнай жөнелте алмай қалды. Бұл шамамен 52 млрд теңге. Қазірдің өзінде әдеттегіден күніне 20-30 мың тоннаға аз тасымалдап отыр. Өйткені Новороссийск бағытында жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Бұған ауа райы себеп болды, дейді министрлік. Десе де, бүгінгі брифингте Ресей тарапымен жөндеу жұмыстарын тезірек аяқтау жөнінде келіссөз өтетінін хабарлады.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
Консорциуммен және Ресей тарапымен қосымша келіссөз жүргізіп, нәтижесін хабарлайтын боламыз. Себебі ауа райының қолайсыздығына байланысты жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмай жатыр.
Қазынаға жыл сайын 10 млн доллар пайда әкеліп отырған консорциум жұмысын тоқтатса, экономикалық дағдарыс болуы мүмкін, дейді сарапшылар. Мұнайдың 80 пайызы осы құбыр арқылы тасымалданады. Оның үстіне бұл бір жыл ішінде жасалып отырған осымен үшінші соққы. Сала министрі мұның алдын алу үшін мұнайды тасымалдаудың басқа да жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Республика тарапынан біз 100 миллион доллар ақша жоғалттық. Ал серіктес компаниялар жағынан 72 миллион доллар ақша жоғалды. Біздің жоспарымызда бір мұнай құбыры бар. Оны салайын деп жатырмыз. Ол Қазақстан-Қытай бағытындағы құбырының қуаттылығын кеңейту.
Каспий Құбырына балама ретінде Баку-Тбилиси-Жейхан бағытын да қарастыруға болады. Оған әлеуетіміз жете ме?
Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Каспиймен Бакуге дейін тасымалдайтын танкерлердің саны жеткілікті ме? Каспий ол Қара теңіз емес, өте таяз. Біз 40-60 мың тонналық танкер жеткізе алмаймыз.
Аталған құбырлардан бөлек, мұнай тасымалдауға болатын тағы 3 бағыт бар. Соның бірі – Атырау-Самара арқылы жылына 17 миллион тоннадан артық жөнелтуге болады. Сарапшылар алдағы жылдары оған тағы 6 миллион тонна қосылады дейді. Екіншісі – Ақтау порты. Оның әлеуеті жылына 5 миллион тоннадан асады. Ал үшінші бағыт – Ақтау-Баку-Батуми. Мұнда қазір іске қосылмай тұрған Баку-Супса құбыры бар. Ол арқылы тағы 5 миллион тонна тасымалдауға болады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Сонымен, қосымша бағыттарды қоса алғанда жылына көп дегенде 20 миллион тонна тасымалдай аламыз. Соның өзінде бұл Каспий құбыр консорциумның техникалық мүмкіндігінен шамамен 50 тоннаға аз. Бірақ мұнай секторынан ұлттық қорға түсетін қаржы жылына шамамен 5 триллион теңгеден асады. Сондықтан жаңа бағыттарды тауып, экспортты әртараптандыру экономикамыз үшін аса маңызды, дейді сарапшылар.