Басты Жаңалықтар Халықаралық олимпиадаға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралды

Халықаралық олимпиадаға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралды

Биыл халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысқан әр екінші оқушы жүлдемен оралған. Ал жиі айтылып жүрген жасанды интеллект 2025 жылы мектеп бағдарламасына ресми түрде енгізілді.  Жалпы оқу-ағарту саласында жаңалық көп.

Иә, биыл оқушылар үшін олжалы жыл болды. Дарынды балалар жаһандық жарыстарда топ жарды. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға 1657 жас өрен қатысып, 922 медаль еншіледі. Оның ішінде 177 алтын, 329 күміс, 416 қола медаль бар. Яғни, әрбір екінші қатысушы жүлдемен оралған.

Ерсұлтан Қайыркен, Халықаралық IBO олимпиадасының қола жүлдегері:

Оқушының өзінің талпынысы болуы керек. Бірақ ең бастапқы қадамдарда адам өзі ұқпауы мүмкін. Сол кезде ұстаздың көмегі өте маңызды. Себебі эмоционалдық бір қолдау және жоспардың бәрін көрсету өте маңызды.

Жазда зияткерлік сайыс үздіктерін Президент ақордаға шақырып, ерекше құрмет көрсеткені есте. Осылайша тек спортшыларды емес, ой жарысанан оза шапқандарды да қолдауға шақырды.

Биылдан бастап оқушылар ЖИ негіздерін меңгере бастады

Сондай-ақ биылдан бастап барлық оқушы жасанды интеллект негіздерін меңгере бастады. Жаңа дағды  «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне кіріктіріліп, пилоттық жоба ретінде кемінде 12 сағат оқытылады.  Мақсат -  балаларды  заман игілігін саналы әрі жауапты қолданушы ретінде тәрбиелеу. Осы ретте, 260 мыңнан астам мұғалім біліктілігін арттыратын тегін курстардан өтті.

Сарапшы: Ауыл балаларының білімін жетілдіре түсу қажет

Дегенмен Ахметтер алаңдаған бала оқыту ісінде әлі де мәселе көп. Өзектілерінің бірі  - жоғарыда атап өткен әлемдік байқау чемпиондарының басым бөлігі қалада өскендер. Сондықтан сарапшылар ауыл баласының ахуалын жақсарту шараларын әлі де күшейту керек,-дейді.

Ғабит Бекахметов, Білім саласының сарапшысы:

Өткен айда бизнесменмен ауылға бардық. Білімге деген құштарлығы мықты. Ауыл баласының білімін жетілдіру үшін қаладан кәсіби деңгейі жоғары мұғалімдер ауылға баруы керек.

«Келешек мектептері» жобасы аясында 217 оқу ордасы салынды

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында  «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қолға алынған. Биыл елімізде замануи 217 мектеп салынды. Оның 168-де қазір шәкірттер білім алып жатыр. Қалғаны жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Оқу ордаларының 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.

Жайық Мақсұтов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инфрақұрылымды дамыту департаментінің басқарма басшысы:

Басты мақсат - 3 ауысымды апатты мектептердің мәселесін шешу. Сол себептен ең көп саны республикалық маңызы бар ол Алматы, Астана, Шымкент қалаларында. Одан кейін орын тапшылығы бізде Түркістан және Маңғыстау облыстарында.

Ернұр Медет, тілші:

Ұстаздардың қағазбастылығы да күн тәртібінен түспей тұр. Сондықтан салаға серпіліс жасау үшін  мұғалімнің жүктемесін әлі де азайту керек,-дейді мамандар. Қорыта айтқанда, елді түзету – бала оқыту ісін түзетуден басталатыны белгілі. Жасанды интеллект - жаңа дағды, олимпиада медалі - білім сапасының көрсеткіші. Енді ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтық жойылса, елдің зияткерлік әлеуеті арта түсетіні анық.
Бөлісу