Басты Жаңалықтар Қазақстанда геологиялық барлау жұмысы күшейтіледі

Қазақстанда геологиялық барлау жұмысы күшейтіледі

Елімізде 2 миллион 200 мың шаршы шақырым аумақта геологиялық-геофизикалық зерттеу жүргізіледі. Бұл туралы Астанада өткен геологиялық форумда Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Қазақстан елеулі минералды-шикізаттық әлеуетке ие. Ел аумағында шамамен 10 мың кен орны бар. Ендігі міндет - отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, жаңа өндіріс көздерін игеру. Форумда көтерілген басқа да бастамалар туралы тілшіміз баяндайды.

Соңғы жылдары әлемде қымбат металдарға деген сұраныс күрт өсті. Соңғы технологияларды жасау үшін сирек материалдар пайдаланылады. Ал пайдалы қазбаларға бай Қазақстанда бұл бағыттағы өндіріс әлі де өркендемей тұр.

Николай Радословец, Тау-кен өндірісі және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры:

Сирек кездесетін металдар біздің шығарып жатқан қалдықтарымыздың арасында да бар. Осы тұрғыда мемлекет салаға салынатын салықты жеңілдетіп, жақсы қадам жасады. Енді компанияларға қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстарын қолға алу керек.

Геология саласында тек Қазақстанда емес, тұтас Орталық Азияда атқарылар жұмыс көп. Ал инвесторлар үшін ұтымды шарт ұсынып отырған біздің ел. «Бірінші келді – бірінші алды» қағидаты негізінде әділ шарттармен жер қойнауын пайдалану құқығын беру процесі айтарлықтай жеңілдетілді.

Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының орынбасары:

Қалдықтың өзі мемлекеттік кадастрда тұр. Ол бәрі есептеулі, сақтаулы тұр. Мысалы, біз оларды қазір қосымша зерттейміз. Ертең қалдықтардың ішінен де өнімді алудың технологиясын зерттеуміз.

Бар жұмысты шет ел мамандарына бере салу мақсаты да жоқ. Бүгінде өндірісте отандық технологиялар кеңінен қолданылып жатыр. Мысалы, Сәтбаев университеті жанындағы зерттеу институты маңызды жобаларды жүзеге асыра бастады.

Ержан Көлдеев, Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетінің проректоры:

Селен бағыты бойынша Қазақмыс корпорациясында біздің ғалымдардың тапқан технологиясы бойынша біз өндірдік. Оны өндіріске енгіздік. Зауыт салынды. Сол зауыттың нәтижесінде қытайға сол өнімдер сатылып жатыр.

Геология құйылған қаржыны әп-сәтте ақтайтын сала емес. Жобалар жылдар бойы зерттеледі, іске қосылған соң тұрақты табыс әкеледі. Сондықтан бүгінгі бастамаларды жүйелі жалғастыру келер ұрпақ алдындағы міндет.

Ерғали Әуелхан, Қ.Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті жанындағы зерттеу институтының директоры:

Геология саласы бұрынғы карталарды сызу қағаздарда сызылса, қазір ол дамыған. Арнайы компьютерлік бағдарламаларда. Студенттер университет қабырғасынан осы программаларды меңгерген және осы цифрлық құрылғымен жұмыс істей алатын мамандар даярлап жатырмыз.

Геология тәуекелі жоғары сала. Орта есеппен зерттелген жүз аумақтың екеуінен ғана қор табылады. Бірақ сол екеуі қалған шығынды еселеп ақтайды. Сарапшылардың айтуынша, барлау жұмыстарына бөлінген қаржы мен жасалған жағдайды ескерсек, бұл сала алдағы уақытта ең табысты бағыттардың біріне айналмақ.


Бөлісу