Енді кімдерге несие алу қиындайды?
1 шілдеден бастап елімізде несие беру ережелері өзгереді. Соған байланысты несие алу да қиындайды.
Елдос Есенбол, тілші:
Енді екінші деңгейлі банктер де, микроқаржы ұйымдары да қарыз алушының табысына мән беруі керек. 1 шілдеден бастап банктер тұтынушының төлем қабілетін қатаң бақылайды. Бұл жерде борыштық жүктеме коэффициенті мен қарыздың табысқа қатысты коэффициенті деген екі ұғым бар. Осыларды тарқатып көрсек.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Борыштық төлем коэффициенті дегеніміз, қарапайым тілмен айтатын болсақ, сіздің айлық жалақыңыздың қанша бөлігі несиелерді төлеуге кетіп жатыр деген сияқты. Яғни, мысалы сіздің жалақыңыз 300 мың теңге болатын болса, жалақыңыздың ішіндегі сіздің несиелеріңіздің үлесі қанша? Несиелердің үлесі 50 пайыздан асып кететін болса, болашақта банктер несие бермеуге заңды түрде рұқсат алады.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Мысалы, адамның табысы 300 мың теңге болса, одан оның шығыны 100 мың теңге болса, оның қолында қалатыны 200 мың теңге. Сол 200 мың теңгенің 0,5, яғни 50 пайызына кредит беруге болады. Демек, адам айына 100 мың теңгеге дейін төлеп отыратын кредит ала алады. Солай мысалы адамға 5 миллион теңге беруі мүмкін деп есептелетін. Жүктемені 2 есе көбейтті. Демек, енді сіз 5 миллиондық кредит алу үшін сіздің қолыңызда ай сайынғы шығындарды алып тастағанда 200 мың теңге емес, 400 мың теңге болуы керек.
Елдос Есенбол, тілші:
Яғни сіз ресми табысыңыздың неғұрлым көп бөлігін қарызды жабуға жұмсайтын болсаңыз, соғұрлым жаңа несие алу мүмкіндігі азаяды. Бұдан бөлек, несие төлегеннен кейін өзіне және отбасына қалған қаражаты жеткілікті ме, жоқ па – ол да ескеріледі. Кредиттің ай сайынғы төлемінен қалған ақша бір ересек адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы керек. Ал отбасында кәмелетке толмаған балалар болса, әрқайсына сол күнкөріс деңгейінің жартысына жуық ақша қалуы қажет. Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге.Қарыздың табысқа қатысты коэффициенті деген де осыған ұқсас ұғым. Мысалы, сіздің 5 миллион теңге қарызыңыз бар, ал айлық табысыңыз 300 мың теңге. Банк айлық табысыңызға қарап, әлгі 5 миллион теңгелік қарызды қанша уақытта толық өтей алатыныңызды есептейді. Кейде оны жылдық табыспен де салыстырады. Мысалы, жаңағы 300 мың айлықты бір жылға есептегенде 3,6 миллион теңге шығады. Ал қарызыңыз 5 миллион. Демек, сіздің қарызыңыз бір жылдық табысыңыздан да көп. Бұл қаржылық жүктеменің ауыр екенін білдіреді.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:
Қарыздың табысқа қатысты коэффициентін енгізу төлеуге қабілетті қарыз алушылардың кредит алуына айтарлықтай әсер етпейді. Сонымен қатар, қарыз жүктемесі жоғары клиенттер үшін жаңа қарыз алу мүмкіндігі белгіленген көрсеткіш аясында шектелетін болады. Жалпы, бұл шара тұтыну кредитінің өсу қарқынын барынша қалыпты деңгейде сақтауға ықпал етеді.
Елдос Есенбол, тілші:
Иә, сөз басында айтып өткеніміздей, банктер азаматтың ресми табысына мән береді. Ол үшін зейнетақы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған жарналарын тексереді. Бұдан бөлек, банктер тұтынушының несие тарихына қарайды.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Бұл әлі де жалақысын «конвертпен» алатындар деген бар. Яғни арнайы банк шоттарынсыз немесе арнайы аударымдарсыз қолма-қол алатындар. Немесе фрилансерлердің өздерінде де, мысалы, табыстары толық көрсетілмегендіктен, осындай азаматтарға қиын болады.
Елдос Есенбол, тілші:
Яғни бұл өзгеріс өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға тікелей әсер етеді. Мысалы, такси жүргізушілері, курьерлер. «Бұл өзгерісті ресми келісімшарты жоқ жұмысшылар да сезеді», – дейді сарапшылар.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Сонда шамамен 100 пайыз адамның кредит алып жүрген 50 пайызы қысқарады. Сонда тек қана 100 адам кредит алса, енді 50 адам кредит алатын болады. Тек қана ақшасы көбірек, шығыны азырақ адамдар ғана кредит алады. Бәрібір күнде құлай қоймайды. 50–60 пайызға құлап кетеді деп ешкім күтпейді. 11, 15, 25, 30 – солай деңгейлеп бұл нарық кішкене қысқаратын болады.
Елдос Есенбол, тілші:
Ақпарат үшін айта кетейік: 2026 жылдың 1 ақпанындағы дерек бойынша Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер 40 триллион теңге несие берген екен. Оның 24,8 триллионы халыққа тиесілі. Жалпы 9 миллионнан астам қазақстандықтың несиесі бар. Егер адам басына шақтап есептеп көрсек, 1 миллион 300 мың теңгеден келеді. Бірақ бұл тек біздің есеп қана. Оның үстіне жаңағы 9 миллион азаматтың тең жартысында 4 немесе одан да көп кредит рәсімделген екен. Жалпы қарыздың тең жартысы кепілсіз берілетін тұтынушылық несие.Сарапшылардың дерегінше, тұтынушылық несиелердің шамамен 30–40 пайызы күнделікті шығындарға жұмсалады. Яғни адамдар несиеге азық-түлік алады, коммуналдық төлемін жабады, кейде ем-домына жұмсайды. Бір жағынан, бұл қарапайым тілмен айтсақ, бір несиені екінші несиемен жабу деген шексіз шеңберді тоқтатуы мүмкін. Екінші жағынан, тіршілік үшін несие алатындарға расында қиын. Себебі мәселе несиеде емес, тапқан табыстың жетпейтінінде.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Кез келген мемлекеттің бұл бағытта жүріп өткен жолдары бар. Екі-ақ негізгі жолы бар. Біздің мемлекет оны біледі. Біріншісі – халықтың табысын арттыру. Екіншісі – алаяқтардан қорғау. Үшіншісі – қаржылық сауаттылықты арттыру. Енді алаяқтардан қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру екеуі бірге жүретін жұмыстар. Екеуін параллель жүргізу керек. Халықтың табысы жетіп тұрса, оған кредит керек емес.
Елдос Есенбол, тілші:
Сөз соңында сарапшыдан «сол қаржылық сауаттылықты арттыру деген не? Оны қалай жүзеге асыруға болады?» деп сұраған едік.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Қаржы саласындағы материалдарды, күнделікті шығып жатқан нәрселерді көп оқу, жалпы нарықтың тынысынан хабардар болу. Кім қайда бара жатыр деген сияқты ақпаратқа жақын болу. Белгілі бір уақыт өте келе адамның ішкі «чутье» дейді, білімі пайда бола бастайды. Мемлекеттің де, алаяқтың да, қаржы ұйымының мүддесін іштен біліп отырасыз.
Елдос Есенбол, тілші:
Түйіні: егер адамның табысы өмір сүруге жетпесе, несиеге шектеу қою қарызды азайту мәселесін толық шешпейді, тек оны кейінге ысырады...
Автор
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Жол ережесін өрескел бұзатындарға жауапкершілікті күшейту керек пе?
05.04.2026, 19:53
Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасына қалай әсер етті?
05.04.2026, 19:48
37 сарбаз әскерден оралды
04.04.2026, 20:16
Азия чемпионаты: Боксшыларымыз бас жүлдеден үмітті
04.04.2026, 20:14
Кәрім Меңдіханов келер маусымда «Барселона» сапында ойнауы мүмкін
04.04.2026, 20:11
Қазақы тазы саны төрт мыңнан асты
04.04.2026, 20:08
Үкімет Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттау жөніндегі жоспарды бекітті
04.04.2026, 20:08
Жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аяқталды
04.04.2026, 20:07