Жол ережесін өрескел бұзатындарға жауапкершілікті күшейту керек пе?
Астанада автокөлік айдап, онымен қоймай жол ережесін бұзған 14 жастағы жасөспірім ұсталды. Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы байқаған соң полиция қызметкерлері оны тауып, тоқтауға пәрмен береді. Tesla тізгіндеген жеткіншек қашып құтылуға әрекеттенеді. Қасында кәмелетке толмаған досы болған. Жасөспірімнің жол ережесін бұрын да бұзғаны, бұрын да қауіпті маневр жасағаны анықталды, дейді полиция.
Алматыда 21 наурызға қараған түні болған апат ше? ZEEKR маркалы көлік мінген әлгі өте жоғары жылдамдықпен қарсы бетке шығып кетіп соққанда, Mercedes автокөлігімен келе жатқан 3 адам сол сәтте опат болды. Рульде отызға толмаған жігіт, көлік ішінде жиырмадан енді асқан өрімдей қыздар. Мәселе тіпті адамның жасында емес. Ол емес, маңыздысы – айдың күннің аманында, өз бетіңмен келе жатып ажал құшуың бір сәтте екені... Жол апаты ілеуде бір болмайтынын ойласаң, шошисың.
Бұл мәселеге байланысты дүркін-дүркін сюжет жасаймыз. Тақырыпқа орай сараптамалық материалдарды қарап отырсақ, жол ережелерін сақтамау – ең басты фактор. Ал жол апаттары аз, тіпті жоқ елдерде заң талабы қатаң. Өте. Иә, инфрақұрылымдары да жақсы. Дегенмен мәселе рульдегі адамдардың жауапкершілігіне барып тіреледі.
Ал біреудің өмірін ойламаса да, «заң бар-ау» деп аяғын тартпау – заң үстемдігінің шкаласын, тамыр-таныс арқылы шешу мен коррупция инструменттерінің күшті жұмыс істеп тұрғанын көрсетсе керек.
21 наурызға қараған түн. Сағат 03:30. Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы. Өте
үлкен жылдамдықпен жүйткіген Zeekr жүргізушісі қарсы бағытқа шығып, өз жолымен
келе жатқан Mercedes көлігімен соқтығысты. Апат салдарынан автокөліктердің сау
тамтығы қалмаған. Ішіндегі бейкүнә 3 адам сол жерде мерт болды. Ал апатқа
түсірген аман қалды, дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Бұл қаза болған марқұм Құмар Теңелбаеваның соңғы бейнежазбасы. Ит екеш
иттің өзі жамандықты сезгендей. Иесін жібергісі келмеді. Амал нешік. Санаулы
сағаттан соң Құмармен шамалас бойжеткен мен отызға толмаған азамат опат болды.
Ал қымбат көлік мініп, есірген күдікті көлікті мас күйде жүргізген.
Мейірман Шекеев, Құмар Теңелбаеваның адвокаты:
Дәл осы оқиға оның абайсызда болмағанын көрсетеді. Біріншіден, Zeekr автокөлігінің иесі нөмірді ауыстырған. Яғни, ол қылмысқа дайындалды деген сөз. Екінші, ол ішімдік ішті. Қандай мөлшерде болса да ішімдік ішті, содан кейін рөлге отырды. Үшінші қарама-қарсы жолаққа шықты.
Қазір осы іске қатысты күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға
алынды. Көше емес, көр... Әл-Фараби
даңғылына жұрт осылай ат қойып, айдар таққан деседі. Себебі бұл даңғыл қымбат
көлік мінген бай-бағландардың автожарыс ұйымдастырып, адреналин шығаратын
алаңына айналған.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мен жолмен өтіп көрдім. Екі жағымнан ойнап, 150 мен өтіп кеткен машиналарды көрдім. Қоятын түрлері жоқ. Өте көп автокөліктер көрдім, заң бұзады.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Дәл осы Әл-Фарабидің бойында артқы жүріспен жарысқандар, мақтаынп жүретіндер болды.
Мейірман Шекеев, Құмар Теңелбаеваның адвокаты:
Маған қаншама адамдар жаза бастады. Аға ол рас, аға ол мына жерде жиналады деп. Шын мәнінде бұл жағдай бұрыннан келе жатыр екен. Қай жерде жиналатындарын да айтып берді. Полиция қызметкерлері ұстап алса, жоғарыға звандаса жібер деп айтады екен. Оны да естіп таң қалып жатырмыз.
Алдын-ала болжамға сәйкес, апатқа автожарыс себеп болуы да мүмкін. Бұл бассыздыққа байланысты полиция департаментінің бірнеше лауазымды
қызметкері жұмыстан босатылды. «Тазарту» жұмыстары басталған сыңайлы.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
Бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі фактілері бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Қызметте жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтың айтуынша, жол ережесін абайсызда емес,
қасақана бұзатындар қарапайым адамдар емес.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл психологиялары бұзылған адамдар, бай адамдар, әбден есіріп кеткен адамдар. Адамдарды, қоғамды менсінбейді. Қымбат автокөлік алады. Олар адамдарға қауіп келтіргеннен ләззат алады. Мұндай адамдар айыппұлдан қорықпайды. 2-3 млн теңге төлеу бұларға әншейін жолақысын сатып алған сияқты. Өздері сөйтіп айтады. Мен жолақысын сатып алдым, енді қайтадан заң бұза беруіме болады деп айтады.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Бұл жазаланбауынан болады. Бұл деген мажор деп айтады өздері. Тізгінді ұстап отырған біздің Бәке, Сәкелеріміздің балалары көбінесе. Олар тікелей ауыртпашылық көрмеген, өмір көрмеген. Өздерін аспаннан салбырап түскендей сезінеді.
Қоғамды алаңдатып отырған ендігі мәселе үш адамның өліміне себепші болған
күдікті қандай жаза алады? Өйткені, қолданыстағы заң бойынша дәл осындай
қылмыстар көбінесе «абайсызда адам өлтіру» бабымен қаралады.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Егер адам көлікке отырып, қатты жылдамдықпен, тротуармен адамдар жүретін, қасақана жол ережесін бұзса, ҚР Қылмыстық кодекс 99-баппен дәрежелеуге болады. Бірақ біздегі практика тек 345 баппен шектеліп отыр.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізде бұл кездейсоқ қылмыс деп есептеледі. Шетелде бұны қасақана қылмыс деп, Германияда осындай адамды өмір бойына соттады. Арнайы 200-бен жүргендерге бөлек, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айрыласың, екінші рет өмір бойы айырыласың және автокөлігіңе конфиксация жасайды.
Мейірман Шекеев, Құмар Теңелбаеваның адвокаты:
Сол қылмыскер 10 адам, 20 адам 100 адам өлтірсе де абайсызда деп сараланады. Ол қалай сонда? Мен қорғап жатқан Құмардың ағасы айтты. Қалайша, мен өмір бойы қарындасымды көрмеймін. Ал бұл үш адамды өлтіргені үшін 9 жыл беретін болса бір адамның өлімі үш жылдан есептелініп отыр дейді.
Еркебұлан Құлбасов, автосарапшы:
Жылдамдықты 60 км/сағ –пен жүретін 120км/сағ-пен бірге бір асырдың ба, ол адамды 7 жылға, 5 жылға жүргізуші куәлігінен айыру керек.Қатаң санкциялар пайдалану керек. Немесе кешегідей 250 км/сағ қаланың ішінде жүргені үшін тікелей адамның өміріне қауіп келтірген адам ретінде қылмыстық іс қозғалып, қатаң шараларға тартылуы керек.
Сондықтан депутаттар заңға өзгеріс енгізбек.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл заңбұзушылықты қасақана жасалған қылмыс деп санауды ұсынамыз. Бір адам өлсе 7-10 жылға дейін, 2 одан артық адам қайтыс болса 10 жылдан -15 жылға дейін.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ішкі істер министрлігінің есебінше, биыл 3 айдың өзінде жол ережесіне қатысты 4 млн-ға жуық құқық бұзушылық анықталған. Оның 40 пайызы - жылдамдықты асыруға қатысты. Ал жол апатын жеке сараласақ: былтыр, 2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға көбейіп, 36 мың апат болған. Салдарынан 51 мың адам жараланып, 2330 адам көз жұмды. Ең көбі –Алматыда. Апат саны 1500-нан асады. Бірақ апта басында есеп берген қала әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы - тәртіп сақтайтын қала, апат саны басқа өңірлерге қарағанда өте аз» деп еді. Ал Әл Фараби даңғылындағы апаттан соң, рейд ұйымдастырылған. Адам өлген соң, абыр-сабыр болып, бақылауды күшейтетін әдетіміз бар емес пе?! Үш тәулікте 5000-нан астам көлік иесі жол ережесін бұзды. Оның ішінде 2000-нан астам жүргізуші жылдамдықты асырған. Арасында мас болып айдағандар мен құжатсыз жүргізгендер де бар.
Иә, жол апаттарына жүргізу куәлігін сатып алу, автокөліктердің ескіруі, жол
сапасы, жолдағы қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы секілді факторлардың
әсер ететіні үнемі айтылады.Дегенмен сенатор Марат Қожаевтың пайымынша, жол
апаттарының 90 пайызына жүргізуші кінәлі.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қала ішіндегі жолдарда да орташа жылдамдықты бақылайтын құрылғы орнатылуы тиіс. Үнемі ереже бұзатындар үшін 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау керек. Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін ұлғайту керек. Өрескел ереже бұзып, адам өміріне қауіп төндіргендерді психологиялық тексеруден өткізіп, олардың мінез-құлқына терең талдау жасау керек.
Ал Айдос Сарым адам өміріне қауіп төндіріп, түрмеге қамалғандарға амнистия
жасалмауы тиіс, - дейді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мұндай тұлғалардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзған, мас күйінде көлік басқарған және өзге де қауіпті әрекеттерге барғандар. Мұндай адамдарға қайтадан рөлге отыруға мүмкіндік беру қоғам қауіпсіздігіне тікелей қатер төндірумен тең.
Ал ішкі істер министрі Алматыдағы резонанс туғызған апатқа қатысты бар
жағдайды Президенттің өзі бақылап отырғанын жеткізді. Айтуынша, кінәлілер
мәртебесі мен мансабына қарамастан тиісті жазасын алады.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Байлық та әртүрлі жағдаймен келді. Таза емес адамдар, өздері мәдениеті жоқ адамдар бай болғанын біз білеміз. Байлықпен бірге мәдениет келмейді. Парасаттылық келмейді. Тәрбиелік келмейді. Қоғамды, заңды менсінбейтін адамдар бар.
Бауыржан Мақұлбаев, заңгер:
Камераны көбейтіп, айыппұлды көбейткеннен пайда жоқ. Оның сана сезімі болмаса құқықтық тәрбиесі болмаса маған десе 1000 камера қой бұл қылмысты тоқтата алмаймыз.
Еркебұлан Құлбасов, автосарапшы:
Жол ережесі адамның өмірі мен қандарымен жазылғанын ұмытпауымыз керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы