Әлеуметтік желі адамды қалай тәуелді етеді?
АҚШ азаматы Meta мен Google-ға арызданып, сот компанияларды 6 миллион доллар өтемақы төлеуге міндеттеді. Танымал әлеуметтік желілер мен платформаларға ие ірі техно-алыптарға бүгінде наразылық артып барады. Бірқатар мемлекет те жастарға желіні шектемекші. Елдер неліктен мұндай шешім қабылдап жатыр? Әлеуметтік желілердің алгоритмдерінің сыры неде?
Темірлан Нұржанұлы, тілші:
6 млн доллар. Бұл 20 жастағы АҚШ азаматына Meta мен Google компаниялары төлеуге міндеттелген өтемақы. Лос-Анджелестегі сот талапкердің әлеуметтік желілерге тәуелді болып, психологиялық зардап шеккенін ескерген. Қос компания бұл шешіммен келіспейтіндерін жеткізіп, апелляцияға жүгінетінін мәлімдеген еді.
Сара гарднер, Heat Initiative ұйымының өкілі:
Жеңілдеп қалдым. Толқып тұрғаным да бар. Адам сенгісіз. Біз, ата-аналар, сот барысын тағатсыздана күттік.
Бұл – үлкен техкомпанияларға қарсы жүздеген я мыңдаған шағымның бірі ғана. Мәселе мемлекеттік деңгейге шыққалы қашан. Былтыр Австралия 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізді. Францияның Ұлттық жиналысында да ұқсас заң жобасы талқыланды.
Лора Миллер, Мәдениет және білім комитетінің өкілі:
Әлеуметтік желілер адамдарды біріктіру керек еді, алайда олар керісінше бізді бөліп жіберді. Бүгінде балаларымыз аз оқиды, аз қимылдайды және аз ұйықтайды. Өздерін өзгелермен жиі салыстырады.
Салыстырады. Себебі бәсеке бар, дейді сарапшы.
Марк Гриффитс, Ноттингем Трент университетінің мінез-құлық тәуелділігі жөніндегі эмерит-профессоры:
Адам бір марапат алып отырмаса, онда ол еш нәрсеге тәуелді бола алмайды. Әлеуметтік желілердегі «лайк» батырмасы өте қарапайым функция болғанымен, жасөспірімдер үшін оның маңызы өте зор. Олар сурет не видео жариялаған кезде бір-бірімен жарысады. Өздері күткен лайк санына жетпесе, өздерін іштей жей бастайды.
Викрам Р. Бхаргава, Джордж Вашингтон университеті бизнес мектебінің стратегиялық менеджмент және мемлекеттік саясат жөніндегі доценті:
Бұл платформалар әуелде достық қарым-қатынасқа негізделсе, қазір контент болжау моделіне көшті. Яғни, алгоритмдер қолданушы нені көп көрсе, соған сәйкес контентті ұсынады. Әлеуметтік желілердің мәні өзгеріп барады. Олар адамды мейлінше ұзақ ұстауды көздейтін платформаға айналды.
Тыйымға қатысты қызу талқы Испания, Дания, Ұлыбритания, Польша және Грекия елінде де жүріп жатыр.
Келли Иоанну, криминолог:
Біз бұл мәселеге қатал қарайық десек, бұл платформалардың иесі – технологиялық компанияларға қатал болуымыз қажет.
Ал жасөспірімдердің пікірі қандай?
Яннис Битис, желі қолданушысы:
Әлеуметтік желіні 13 жастан бастап қолданған көптеген бала үшін одан бірден бас тарту өте қиын. Себебі олардың достарымен байланыс орнататын негізгі құралы осы. Иә, олар бетпе-бет сөйлеспейді, бірақ бұл да қарым-қатынастың бір түрі ғой. Егер оны тоқтатсақ, балалар арасындағы байланыс та үзілуі мүмкін.
Қазақстанда да балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ЖИ және Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл мәселе жан-жақты талданып жатқанын айтқан еді. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы