Павлодарда отандық өнім өндірісі 1,5 есе артты
Соңғы үш жылда Павлодар өңірінде отандық өнім өндірісі 1,5 есеге ұлғайды. Өнімнің басым бөлігі тау-кен саласына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артқан. Әсіресе майлы дақылдарға деген сұраныс күшті. Өңірдегі шағын және орта кәсіптің үлесі жайлы әріптесім Болат Аманбаев тарқатады.
Ертіс-Баян өңірінде шағын және орта бизнестің экономикаға қосар үлесі 40 пайызға жуықтады. Бұл жаңа технологияларды игергеннің нәтижесі. Мәселен, мына кәсіпорынның иесі кәсібін екі тігінші жалдап, жертөледе бастаған. Қазір шағын зауыт ұстап отыр. Өндіріске қажетті қаптар тігеді.
Болат Аманбаев, тілші:
Мынау мұнай қалдығынан жасалған полипропилен. Осы материалдан қылдай қылып жіп есіп, оны тұтас қылып тоқиды. Содан кейін сыйымдылығы 5 келіден 2 тоннаға дейінгі қаптарды тігеді.
Өндірісті ұлғайтуға мемлекеттік бағдарлама сеп болды. Бұл – дәл осындай тауар шығарып жатқан аймақтағы жалғыз кәсіпорын. Өнімге еліміздің жеті аймағынан сұраныс бар.
Бақыт Әкімжанова, цех басшысының орынбасары:
Даму бағдарламасы бойынша пайызы аз қаражат алдық. Енді сол қаражаттың арқасында жұмысымызды атқарып отырмыз. Көбінесе бізде әйел адамдар жұмыс істейді. 60 шақты әйел тігінші еңбек етіп отыр. Соның ішінде 12 адам – мүмкіндігі шектеулі жан. Үкіметтің берген қолдауына рақмет.
Ал бұл – кәдімгі ағаштың ұнтағынан қағаз қораптар шығаратын зауыт. Отандық өнімді еліміздің барлық облыстары алады. Жоба Мемлекет басшысының ірі қалаларда қалдықтарды өңдеу нысандарын салу және қалдықсыз жұмыс істеу жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша қолға алынған.
Гүлнар Қайдарова, кәсіпорын басшысы:
Қазақстанға қағаз картондар көршілес мемлекеттерден әкелінеді. Біз елімізде жиналған целлюлоза мен макулатураны қайта өңдеу арқылы қағаз және картон жасаймыз. Ендігі ойымыз – экспортқа жұмыс істеу.
Павлодар халқы балыққа үйірсек. Өткен жылы балық өсіретін шаруашылықтар 600 тонна өнім сатқан. Биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттырмақ. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын бекіре өсіретін ферма ашылған болатын. Биыл толық қуатында жұмыс істеуге кірісті. Жылына 45 тонна тауарлы балық өсіреді.
Сергей Киреев, балық өсіретін цех жетекшісі:
Біз мемлекеттен жемазыққа тұрақты түрде субсидия аламыз. Шабақтар мен уылдырық сатып алуға да қолдау бар. Мысалы, уылдырықты еліміздің басқа аймақтарынан сатып алсақ, жұмсалған қаржының шамамен 30–40 пайызы субсидия арқылы қайтады.
Отандық өнімге сұраныс артқан сайын кәсіпкерлер заманауи технологияларды игеруге кірісті. Ең қарапайымы – бидайды экспортқа ұн қылып жібереді. Қазір төрт түлік етін тұтас күйінде базарға өткізе салу күрт азайды. Себебі оны консервілеп немесе шұжық жасайды. Оған шамасы жетпейтіндер сөреге ыстап, кептіріп шығарады. Аймақтағы ірі сауда дүкендерінің бәрінде отандық өнімді сатуға арналған арнайы бөлімдер ашылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы