Құрылтай: Партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр
Құрылтай сайлауына түсетін партиялардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси ұйым мүшелері бүгін де бірқатар кездесу өткізіп, тұғырнамасын таныстырды. Халықтың көкейінде жүрген мәселелерді тыңдап, пікір алмасты.
«Әділет» партиясының кандидаттары тұрғындармен кездесті
Қызылордада «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар жұртшылықпен кездесті. «Өнер орталығында» өткен жиынға зиялы қауым, ұстаздар, дәрігерлер мен мәдениет саласы қызметкерлері қатысты. Кездесуде басқару жүйесін орталықсыздандыру мен Халық кеңесінің рөлін арттыру, орта бизнесті дамыту мен офтейк-келісімшарттардың маңызы туралы сөз болды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты, экологиялық қауіпсіздік, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері қамтылды.
Үнзила Шапақ, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Барлық жұртшылықтың өкілдерімен кездесеміз. «Әділет» партиясының бағдарламасында айқындалған негізгі құндылықтарға, бағыт-бағдарларға тоқталып өтетін боламыз. Бұл бағдарламамен таныстыру барысында біз жұртшылықтың да пікірін тыңдап жатырмыз. Олардың тарапынан да көптеген ұсыныстар беріліп жатыр.
ЖСДП өкілдері жастармен және ұстаздармен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері Қарағандыда жастармен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында білім мен ғылымды дамыту, жас мамандарға қолдау көрсету, инновация мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Ал Көкшетауда өткен педагогтермен кездесу кезінде инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды дайындау мәселесі талқыланды. Сонымен қатар ұстаз мәртебесін көтеру және жұмыс жағдайын жақсарту жайы сөз болды.
Ілияс Жанғали, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Бұл көбінесе аутизммен шалдыққан, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар және оған біз, біздің мұғалімдер инклюзивті білім беру курстарын тегін өтіп, сол сұрақтар бойынша біз мәселені көтерген болатынбыз. Қазіргі таңда біздің өмірімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалынды.
«Байтақ» партиясының кандидаттары өндіріс ұжымымен кездесті
«Байтақ» партиясының өкілдері Алматыдағы ауыр машина жасау зауытының ұжымымен кездесті. 85 жылдық тарихы бар кәсіпорында бүгінде 350-ге жуық маман еңбек етеді. Кездесу барысында партия мүшелері сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді. Ашық диалогта қоршаған ортаны қорғау, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, отандық өндірісті дамыту және келешек ұрпаққа табиғи ресурстарды сақтау мәселелері көтерілді. Партия өкілдері мұндай кездесулер тұрғындардың нақты ұсыныстары мен өзекті мәселелерін тікелей білуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Владимир Мартель, «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Бүгін Алматының экологиялық мәселелері, соның ішінде таза ауа мәселесі туралы сөйлестік. Сонымен қатар атом электр станциясы және Қазақстанға таза энергия көздерін дамыту қажеттігі жөнінде пікір алмастық.
ҚХП өкілдері еңбек ұжымымен кездесті
Қазақстан Халық партиясының өкілдері Риддер қаласына барып, ондағы жол-құрылыс мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті. Алдымен саяси ұйым мүшелері жиналғандарға Құрылтай сайлауы жайлы ақпарат беріп, партия бағдарламасын таныстырды. Жұмысшылармен жүздесу барысында адам құқығын қорғау, өндірістегі техникалық қауіпсіздік, кәсіподақ ұйымдарының белсенділігі туралы әңгіме қозғалды. Сайлаушылар транспорттық және әлеуметтік инфрақұрылым сапасын арттыруға, шағын қалаларды дамытуға ден қойылса, дейді.
Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Белсенді кездесу өтті және азаматтар, әсіресе әйелдер, өте өзекті мәселелерді қозғады. Бұл жерде өте өзекті көтерілген мәселелердің бірі – өндірістік қауіпсіздікті қорғау, жай азаматтардың үйлеріне, бала-шағасына аман-есен келуін мемлекет тарапынан, жұмыс берушілер тарапынан қамтамасыз ету мәселесі.
«Ауыл» партиясы: Кандидаттар еңбек ұжымымен кездесті
«Ауыл» партиясының кандидаттары Қарағанды облысына келіп, аграрлық сала өкілдері және кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті. Алдымен астықты терең өңдеуге, ұн мен жарма өндіруге маманданған «Ақжайық 2011» өндіріс орнына барды. Кездесу барысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын қолдау сынды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ үгіт-насихат науқаны элиталық тұқым өсірумен айналысатын көпсалалы «Шахтерское» кәсіпорнында жалғасты.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Осы мекеменің 16 000 гектар жері бар. Бидай, арпа сеуіп жатыр. Ұн, құрама жем болсын, бәрін төрт мемлекетке шығарып жатыр. Осы халықпен кездескенде көп ұсыныс айтылады. Ең көп ұсыныс – бірінші мәселе жол мәселесі, су мәселесі, интернет мәселесі.
«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті
Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері «Marden» бизнес-орталығының ұжымымен және жалға алушыларымен кездесті. Жиналғандарға саяси ұйымның тұғырнамасы таныстырылып, негізгі басымдық берілген бағыттар туралы айтып берді. Сонымен бірге отандық спорт пен шағын және орта бизнесті қолдау, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жайы талқыланды. Қатысушылар жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, банкроттық жариялауға қатысты сұрақтарын қойды.
Мейрамгүл Қабдығалиева,«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Тыңдармандарымызға біздер өзіміздің бағдарламамыз жөнінде және партиямыздың қол жеткізген нәтижелері, жоспарлары туралы айтып кеттік. Әрбір еңбек ұжымымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, үлкен өндірушілермен кездесуде партиямыздың бағдарламасымен таныстырып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.
Respublica партиясы өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Тараздағы бірнеше еңбек ұжымымен кездесті. Алдымен олар металлургия зауытына барып, өндіріс барысымен танысып, кәсіпорын жұмысшыларымен пікір алмасты. Кейін партия өкілдері құс етін өңдеу зауытында болып, еңбек ұжымымен жүздесті. Кездесуде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және өңірлерді дамыту мәселесі талқыланды. Сайлаушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Олжас Құспеков, Respublica партиясы төрағасының орынбасары:
Халықтың Үкіметке сенімі үлкен, артқан. Конституциялық өзгеріс болды, одан кейін қазір Құрылтай сайлауы бар. Соған үлкен сенімдері бар. Кандидаттарға арқалатып жатқан үлкен аманаттары бар. Соны біз халықпен кездесіп, өзімізге жинап, осы халықтың ертеңгі мұң-мұқтажын Құрылтайдың мінберінде талқылап, шешімін іздеуге тырысамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы