Басты Жаңалықтар Құрылтай: Партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр

Құрылтай: Партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр

Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. Қазір депутаттық мандатқа үмітті партия кандидаттары әр өңірін аралап, тұрғындармен жүздесіп жатыр. Олар аймақтардағы шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқылап жүр. Сонымен қатар, халықты қолдауға бағытталған жаңа бастамалар мен ұсыныстар да айтылып жатыр.

Кандидаттар ауыл халқымен және еңбек ұжымымен кездесті

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған республикалық сайлауалды штаб Жамбыл облысына барды. Кандидаттар Бауыржан Момышұлы ауылына соғып, ірі қара мал ұстап, сүт өндірумен айналысатын ерлі-зайыпты Дүйсеқұловтардың қосалқы шаруашылығымен танысты. Одан соң сүт өңдеу кооперативінің ұжымымен кездесті. Партиялықтар тұрғындар мен қызметкерлерге саяси ұйымның бағдарламасын таныстырып, сұрақтарына жауап берілді. Үгіт-насихат жұмысы Нұрлыкент ауылында жалғасты. Жергілікті халық ауыл тұрғындарының табысын арттыру, зейнеткерлерге көмек көрсететін арнайы орталық ашуды ұсынды.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

Президентіміз кезінде тапсырып, арнайы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жасаған болатын. Сол бағдарламасы қазіргі кезде жұмысын сапалы жасап жатыр. Оның кеңейту туралы Президентіміз тағы да тапсырма берді. Оған 1 триллион теңге ақша бөлінеді.

ЖСДП кандидаттары тұрғындармен кездесті

Жезқазғанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездесті. Жұмысшылар үйлердің маңайын абаттандыру, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасын арттыру бойынша ұсыныстарын айтты.

Ал Павлодар облысының Аққулы ауданында өткен кездесде партияның Құрылтай депутаттығына үміткерлер сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды. Тұрғындар кибералаяқтықтың алдын алу, жайылым жердің тапшылығы, ауызсу мәселесі және жастарды жұмыспен қамту сияқты өзекті мәселелерді көтерді.

Роза Жүсіпова, ЖСДП ПОФ төрағасы:

Ауылдардың айналасында қарапайым адамдардың жекеменшік мал жаятын жайылым жерлері қалмаған, көп аудандарда сондай сұрақ көтеріліп жатыр және су мәселесі, жұмыс орындарының мәселелері, жол мәселелері, жастарды ауылға қалай оралтамыз, қандай жағдай жасаймыз жастар үшін сондай сұрақтар көтеріліп жатыр ауылды жерде.

«Байтақ» партиясы өкілдері «Қазгидромет» ұжымымен кездесті

«Байтақ» партиясы өкілдері Алматыдағы ауа сапасы мен оның тұрғындар денсаулығына әсерін талқылады. Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Қазгидромет» мекемесінің қала және облыстық филиалы ұжымымен кездесде. Ашық форматтағы жүздесуде партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, балалар денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Саяси ұйым мүшелері экологиялық ахуалдың салдарымен күрескеннен гөрі, алдын алу әлдеқайда тиімді екенін жеткізді. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, ауа сапасын жақсарту және халық денсаулығын сақтау жайын кешенді түрде қарастыру керек, дейді.

Алма Қараш, «Байтақ» жасылдар партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

Қазір әрбір екінші бала аллергия мен демікпеден зардап шегеді. Онкологиялық ауру мен қант диабеті де жасарып барады. Қаланың экологиялық ахуалы тұрғындардың денсаулығына ғана емес, психологиялық жай-күйіне де әсер етіп жатыр. Ендігі міндет: мәселені мемлекеттік деңгейде шешу.

Қазақстан Халық партиясы ҮЕҰ өкілдерімен кездесті

Жетісу облысында жүзден аса үкіметтік емес ұйым тұрақты түрде жұмыс істейді. Азаматтық қоғамды дамытуға атсалысып жүрген жандармен Қазақстан халық партиясының өкілдері жүздесті. Жиын барысында мүгедектігі бар жандар жүзеге асырған жобалар баяндалып, жоспарлары таныстырылды. Мәселен, өңірде ерекше күтімдегі адамдарға тегін инвотакси қызметі ұсынылады, арнайы ақпараттық портал да ашылған. Жеке кәсіп ашам деушілерге қолөнер бұйымдарын жасау жолдары үйретіледі. Ал, егде жастағы жандар үшін белсенді өмір сүру орталығы қарастырылған. Басқосуда саланы дамыту мәселесі талқыланып, Құрылтай депутаттығына кандидаттарға бірқатар ұсыныстар айтылды.

Олжас Бекдәулетұлы, Қазақстан Халық партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

Халықпен көптеген кездесу өткізіп жатырмыз. Халықтың белсенділігі жақсы. Олар өздерінің сұрақтарын қояды, көптеген мәселелерді көтереді. Инклюзия жағынан, жастарды қолдау, человеческий капитал соған көңіл бөлу. Басқа да әлеуметтік мәселелер бар.

«Ауыл» партиясының өкілдері инклюзивті білім беру мәселесін талқылады

«Ауыл» партиясының өкілдері Өскеменде инклюзивті білім беру және дамуында ерекшелігі бар жандарды қолдау мәселесін талқылады. Сондықтан басқосуға өңірдегі түрлі қоғамдық ұйымның белсенділері жиналды. Кандидаттар ел бойынша мүгедекті бар жандардың жұмысқа орналасу жайына тоқталды. Өңір тұрғындарының айтуынша, Шығыс Қазақстанда бұл мәселе аса өзекті емес. Мұндай санатқа жататын азаматтардың өзі қоғам өміріне белсене араласып, еңбек етіп жүр. Тіпті олардың арасында жеке кәсіп ашып, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырғандар бар, дейді. Саяси ұйым мүшелері ерекше баласы бар ата-аналарды қолдауға арналған түрлі әлеуметтік жобаларға қатысып, жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант алудың жолдарын түсіндірді.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Ресми түрде осы Шығыс Қазақстанда мүгедек адамдар бар. Міне Шығыс Қазақстанда қандай жұмыс істеліп жатыр. Үш жылдың ішңнде көп жұмыс істелді. Өздеріңіздің естеріңізге түсірейін. Осы сәуір айында үлкен фестиваль болды. Үш жарым мың халық жиналды.Бүгін енді жалғасы.Сол қандай мәселелер шешілді. Сол кездесіп жатырмыз.

«Ақ жол» партиясы кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады

«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматыға барды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар логистикалық компания мен құрылыс материалдарын шағаратын зауыт ұжымымен кездесті. Жиында саяси ұйымның бағдарламасы таныстырылып, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен бірге, қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау, несие жүктемесін азайту, және логистика саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Айта кетейік, Алматыда шағын және орта бизнес субъектілерінде 900 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

Біздің осы мақсатымыз кәсіпкерлермен кездескенде, олардың көптеген бүгінгі күнде шешілмеген мәслелерін шешу. Бұл тек қана шағын және орта бизнесті қолдау емес. Ең соңында біз халық болып оның пайдасын көреміз.

Respublica партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесті

Respublica партиясының өкілдері Шымкентте еңбек ұжымдарымен кездесті. Кандидаттар темір есік жасайтын кәсіпорын мен аллюминий өнімдерін шығаратын зауытта болды. Соынмен бірге, Түркістан облысындағы балмұздақ шығаратын фабрикаға да ат басын бұрды. Кездесу барысында отандық өндірісті дамыту және бизнесті қолдау туралы сөз болды. Бұдан кейін Шымкенттегі «ReJastary» жастар қанатымен кездесу өтті. Басқосуға қатысушылар интелектуалдық ойын ойнап, өскелең ұрпақты толғандыратын мәселелерді ортаға салды. Үгіт-насихаттың кезекті күні партия жақтастарының форумымен қорытындыланды.

Қуаныш Шоңбай, Respublica партиясының тең төрағасы:

Біздің мақсатымыз бұл кісілерге ең бірінші еңбек ету бұл жетістіктің нағыз дұрыс стратегиясы деген нәрсені біз бергіміз келеді. Өйткені еңбек етпесең білім, біліктілік болмайды дегендей, одан кейін жақсы жұмыс болмайды. Өйткені қазір жасанды интеллект +беретін пайдасы көп, бірақ бір үлкен минусы көп профессияны жоққа шығарады.


Бөлісу