30 елдің дзюдошылары өзара тәжірибе алмасып жатыр
Ел тарихында тұңғыш рет өтіп жатқан халықаралық оқу-жаттығу жиынына әлемнің 30 елінен 700-ден астам дзюдошы жиналды. Олардың қатарында 3 Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының 11 жүлдегері, әлем чемпионатының 20 жеңімпазы мен 50-ге жуық жүлдегері бар. Олар Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау базасында жас балуандармен бірге жаттығып, тәжірибе алмасып жатыр.
Татамиде бұл жолы жай жаттығу емес, әлемдік деңгейдегі шеберлік сағаты өтіп жатыр. Бір кілемде Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары және болашағынан үміт күттіретін жас балуандар бар. Яғни, олар әлемнің ең мықты балуандарымен бір боз кілемде күресіп, халықаралық жарыстарға шықпай-ақ тәжірибе жинақтайды. Ұйымдастырушылар, бұл жаттығу жиыны отандық дзюдошылар үшін үлкен мүмкіндік деп отыр.
Елдос Сметов, дзюдодан олимпиада чемпионы:
Жаттығу жиыны өте жақсы өтіп жатыр. Тек өзімізбен ғана күресіп емес, басқа елдердің олимпиада чемпиондары бар, солардың бәрі Жапония, Корея көп жарыстарға бара бермейді. Бізге келіп тұрғаны үлкен мүмкіндік. Сондықтан да жастарымызға тәжірибе алмасу, олармен күресіп қалу, кішкентай қырын үйренсе де біз үшін үлкен жетістік.
Мұнда Әлем чемпионы жапониялық Санширо Мурао да шеберлігін шыңдауда. Талантты спортшы халықаралық оқу-жаттығу жиынының ауқымына жоғары баға берді.
Санширо Мурао, дзюдодан әлем чемпионы:
Мен Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған оқу-жаттығу жиынына қатысып жатырмын. Ауа райы өте қолайлы, көптеген спортшы жиналған. Бұл жиын өте жақсы өтіп жатыр. Қазақстанның ерекше энергиясы мен дзюдошыларының жігері маған қатты ұнайды. Жаттығуда бар күшімді саламын!
Оқу-жаттығу жиынында спортшылар таңертең, кешке бірлескен жаттығулар өткізеді. Бұдан бөлек, әр команда өз бағдарламасына сәйкес күш дайындығы мен тактикалық жұмыстарын жүргізеді. Жиынға ұлттық құрамамен қатар жастар құрамасының әлем чемпионатына дайындалып жатқан үздік спортшылары да қатысып жатыр. Сондай-ақ, еліміздің 20 өңірінен ұлттық құрама бапкерлері іріктеген ең мықты дзюдошылар да бар.
Айбек Имашев, ҚР Дзюдо федерациясының бас хатшысы:
Әлемнен келген жаттықтырушылар біздің базаға таң қалуда. Келген командалар саны көп, қатты қолайсыздық болмау үшін әйелдерді басқа спорт базасына ауыстырдық. Осы халықаралық оқу-жаттығу жиыны біздің ҚР Әлемдік аренадаға, әлемдік, халықаралық деңгейдегі қарым-қатынастың жақсы екенінің бір дәлелі десем артық емес деп ойлаймын.
Мамандардың пікірінше, мұндай халықаралық оқу-жаттығу жиындары дзюдошылардың тәжірибесін арттырып, еліміздің әлемдік дзюдо орталықтарының біріне айналуына жол ашады. Сондай-ақ, татамиде үздіктермен бірге шыңдалған жас спортшылардың алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайтынына сенімді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы