Су жүйесін жаңартуға 1,4 млрд теңге бөлінді
Ақмола облысының Бурабай ауданында қайтарылған заңсыз активтер есебінен 4 бірдей инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ.
Үкімет сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысына арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлді. Аталған қаржыға Қатаркөл көлінің жанында орналасқан балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңартылмақ. Сондай-ақ, Щучинск қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру желілері кешенді түрде күрделі жөндеуден өтеді. Бұған қоса магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезеңін жүзеге асыру және кварталішілік кәріз тарту жұмыстары жоспарланған. Жалпы, соңғы үш жылда арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 610 миллиард теңге бөлініп, 500-ден астам әдеуметтік жоба қаржыландырылды. Оның 226,5 миллиарды су инфрақұрылымын дамыту бойынша 267 жобаға бағытталды.
Арай Садықов, Бурабай ауданының әкімі:
Жобалар толық аяқталғаннан кейін коммуналдық инфрақұрылым сенімділігі артып, инженерлік желілеріндегі апаттылық деңгейі төмендейді. Сондай-ақ ауданның одан әрі дамуына, тұрғын үй құрылысын, туризм саласының өркендеуіне және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалады.
Самал Шәйкенова, Щучинск қаласының тұрғыны:
Ауыз су мәселесінің толық шешім тапқаны бізді қуантады. Бүгінгі күні қала тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл біздің және қала тұрғындарының көптен бергі үлкен мәселесі еді. Бүгінгі күні халқымыздың көңілі тоқ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы