Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Баяншылардың әлем чемпионаты өтеді

Қазақстанда алғаш рет баяншылардың әлем чемпионаты өтеді. Ал алдағы демалыс күндері елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ сарапшылар жаңадан шығып жатқан смартфондарды сатып алмауға кеңес береді. Осы және өзге де жаңалықтар рет-ретімен келіс топтамада.

23–27 тамыз аралығында Астанада Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет баяншыларға арналған беделді «Coupe Mondiale 79» халықаралық байқауы өтеді. Байқауға халықаралық деңгейдегі музыканттар мен мәдениет қайраткерлері қатысады. Сарапшылар 21 елден келсе, қатысушылар 16 елден өтінім берген. Олардың қатарында Австралия, АҚШ, Германия, Италия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Түркия, Қазақстан және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.

Демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

8–9 тамыз күндері елордада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде еліміздің әр өңірінен келген жергілікті фермерлер мен өндірушілердің өнімдері ұсынылады. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс, жеміс-жидек, ет, ұн және сүт өнімдерін, нан-тоқаш, табиғи шырындар, тосап, джем және басқа да тағамдарды тиімді бағамен сатып ала алады. Іс-шара 8–9 тамыз күндері өтеді.

Сарапшылар смартфон сатып алудан бас тартуға шақырды

Android Authority басылымының сарапшылары 2026 жылы жаңа смартфон сатып алуға асықпауға кеңес берді. Олардың пікірінше, соңғы үлгілерде айтарлықтай жаңалық жоқ, ал компоненттердің қымбаттауы өндірушілерді шығынды қысқартуға, кей тұстарда үнемшілдікке баруға мәжбүрлеп отыр. Қазіргі смартфондар 6–7 жыл бойы жаңартылып отырады. Сондықтан құрылғыңыз қалыпты жұмыс істеп тұрса, оны жыл сайын немесе екі жыл сайын ауыстырудың қажеті жоқ.

Зумерлер 2026 жылдың ең үздік қаласын таңдады

Time Out журналы 30-ға толмаған мыңдаған жастың арасында сауалнама жүргізіп, әлемнің ең үздік қаласын таңдаған. Көш басында Жапония астанасы Токио тұр. Жас буын Токио өмір сүру үшін ең жайлы қала деп тапқан. Рейтингтегі екінші орында – Португалиядағы Порту қаласы. Жастар бұл орынды ең әдемі қала деп бағалады. Ал үштікті Мелбурн қорытындылайды. Зумерлер Мельбурнның гастрономиясы мен мәдени өміріне жоғары балл қойды.


Бөлісу