Түпқарағанда балық шаруашылығы дамып келеді
Маңғыстауда балық шаруашылығы дамып келеді. Каспий жағалауындағы Түпқараған ауданында балық аулаумен қатар, балық өсіру ісі де өркендей бастады. Қазір мұнда айына 30 тоннаға дейін бекіре тұқымдас балық өсіретін зауыт жұмыс істеп тұр. Ал тұрғындардың бір бөлігі үй жағдайында балық өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Ақшұқыр ауылының тұрғыны Асқар Қуандықов бір жыл бұрын балық өсіруді қолға алған. Ол шаруашылығына қажетті бассейндер мен су жүйесін өз күшімен жасаған. Бүгінде қожалық жылына 7–8 тоннаға дейін балық өсіруге қауқарлы. Осы уақыт ішінде кәсіпкер 1,5 тоннаға жуық албырт өсіріп, алғашқы өнімін алған. Енді ол мемлекеттік қолдауға ие болып, шаруашылығын кеңейтпек.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Тұрғын балық өсіретін бассейндерді қолдан жасаған. Мынау, міне, кәдімгі қора. Бұрын мұнда жылқы баққан. Кейін ішіне бетон құйып, су қоймасын жасапты. Бүгінде 4 бассейнде 30 мыңнан астам форель өсіп жатыр.
Асқар Қуандықов, Ақшұқыр ауылының тұрғыны:
Икрадан малюк шығардым, сол малюкті көріп отырсыз ғой, бір бассейнде сол ең бірінші шығарған балықтарымның бірі осылар. Жақында кеше форель деген балық салдым. Ол да жақсы өсуі де бәрі де жақсы.
Үй жағдайында бәрі де болады, адам ерінбеу керек, еңбектенсе, енді бұл жердің де қиындықтары бар өзінің. Ток деген зат бар, үнемі тоқ болу керек.
Ақшұқыр ауылындағы бекіре тұқымдас балық өсіретін кәсіпорын жылына 30 тонна өнім өндіреді. Зауытта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Берекет Айынбаев. Ол бассейндердегі балықтарды күтіп-баптайды.
Берекет Айынбаев, балық зауытының маманы:
Бұл бассейннің кубы 25 куб және бұлар өте аш қазір, корм бергенде сіздерге көрсетейін. Күніне негізгі нормасы 3 рет. Жем берген кезде, мінеки, постоянно қарап бассейнге үңілген кезде осылай жарларында жүреді. Біледі, осылай жем береме екен деп. Біздер сол кезде жем береміз. Бәрі талайды.
Кәсіпорын қара уылдырық та өндіреді. Биылғы үш айдың өзінде мұнда 50 келі қара уылдырық алынған. Өнімге сұраныс жоғары болғандықтан, оның басым бөлігі сатылып кеткен. Кәсіпорын мемлекеттік қолдаудың арқасында өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтып келеді.
Бекболат Ғарифуллаев, балық зауытының өкілі:
Үкіметпен бірге жұмыс жасап жатырмыз қазір, документтеріміз дайын. Ақшаларымыздың бәрін алған кезде мұнда инкубационный цех жасағымыз келеді. Мемлекеттен жалпы былай бізге беріп жатқан көмектер өте көп. Оның арасында жем, сосын балық алуға, маточная стада алуға. СПК Каспий деген бар, сол жақтан біз инвестиция алайын деп жатырмыз.
Түпқараған жұрты үшін балық шаруашылығы – ата кәсіп. Бүгінде ауданда 500-ден астам адам балық аулаумен кәсіби түрде айналысады. Сонымен қатар балық өсіріп, оны терең өңдейтін кәсіпорындар да жұмыс істейді.
Саламат Елжанов, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік гранттар, қайтарымсыз, төмен пайызды гранттарды беру бойынша қазір іс-шараларымыз, нақты жоспарымыз бар. Кәсібін бастаймыз дейтін азаматтарға толыққанды мүмкіндік бар. Ауданда осы балық шаруашылығымен айналысуға толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Ауданда балық шаруашылығы бағытында бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Ақшұқыр, Қызылөзен және Форт-Шевченкода бекіре тұқымдас балық өсіретін кешендер салынуда. Жобалар іске қосылған соң 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы