Трамп екі қаулыға қол қойды
Дональд Трамп Америкаға турист ретінде барып, өмірге нәресте әкеліп, оған АҚШ азаматтығын әперетін шетелдіктерге қарсы екі қаулыға қол қойды. Құрама Штаттар президенті бұған дейін де тура осындай жарлықтар шығарғаны белгілі. Алайда, ол заңдар Жоғарғы соттан өтпеді. Алпауыт ел басшысының осы жолғы әрекеті де тура солай аяқталмайтынына кепілдік жоқ. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Президент Дональд Трамп шетелдіктердің балаларына туған бойда азаматтық беруді тоқтатуға тағы бір әрекет жасады. Өткен тәулікте ол екі бірдей қаулыға қол қойды. Оның біріншісіне сәйкес, Құрама Штаттар аумағында дүниеге келсе де, өзге мемлекеттер азаматтарының балалары Америка паспортын алмауы керек. Екінші бұйрықтың мақсаты – «туу туризміне» тыйым салу, яғни, шетелдік жүкті әйелдерге нәрестесіне азаматтық әперу үшін АҚШ-қа сапар шегуіне жол бермеу.
Стивен Миллер, ақ үйдің әкімшілік қызмет басшысының орынбасары:
Екінші шешімнің мақсаты – «туу туризміне» тыйым салу. Бұл мәселе ондаған жылдар бойы айтылып келеді. Кейбіреулер турист ретінде келіп, Диснейлэндті, ескерткіштерді, ұлттық паркті тамашалаймыз дейді. Бірақ олардың түпкі мақсаты – бала туу, автоматты түрде азаматтық алып, жәрдемақыға қол жеткізу ғой.
Зерттеулерге жүгінсек, 2024 жылы АҚШ-та туристер дүниеге әкелген балалар саны шамамен он мыңға жуықтады. Дегенмен, иммиграцияны шектеу ұранымен екінші рет билікке келген Трамптың сөзіне сенсек, шетелдіктер Америкаға барып, жүздеген мың бала туып, бұл істі тіпті табыс көзіне айналдырып алған.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Мен сіздерге қазір айтамын. Жақсы ма? Жүздеген мың! Мысалы, бір ер адам отбасымен келдім, 56 балам бар дейді, өзге біреуі 98 перзентті өмірге әкелгенін айтты. Мұндай пиғылы нашар шетелдіктер еліміздің жомарттығын жеке бастарына пайдаланып жүр. Сол үшін әкімшілігім шара қолдануға кірісті.
АҚШ Конституциясына енгізілген 14-ші түзету туған бойда азаматтық алуға кепілдік береді. Осыны ескеріп, биыл маусымда АҚШ-тың Жоғары соты республикалық
президенттің шетелдіктердің
балаларына азаматтық бермеу туралы жарлықтарын заңға қайшы деп тапты. Жаңа екі қаулының
да 14-ші түзетуге сәйкестігі тексеріліп, күндердің-күнінде сот үкімімен күшін
жоймайтынына дәл қазір кепілдік жоқ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы