Басты Жаңалықтар Құрылтай: Үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

Құрылтай: Үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанының басталғанына тура екі апта болды. Осы уақыт ішінде Саяси дода қатысатын 7 партия еліміздің бірқатар аймағына барып, халықпен кездесу өткізді. Жұртшылыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырып қана қоймай, ұсыныс-тілектерін тыңдап, айтылған пробламалардың шешу жолын талқылады. Мұндай кездесулер легі бүгін де жалғасты.

Бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумы өтті

Шымкентте «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері республикалық форумда бас қосты. Жиынға еліміздің барлық өңірінен 2 мыңнан астам адам қатысты. Құрылтай депутаттығына кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырса, қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, еңбек адамының жағдайы, әлеуметтік қолдау, цифрландыру, білікті кадрлар даярлау, кәсіпкерлік пен жастар саясатына қатысты мәселелер көтерілді.

Гүлісхан Нахбаева, «Әділет» партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

Халықты не мазалайды? Бірінші тұрғын үй, екіншісі жұмыспен қамту, үшіншісі сапалы білім-ғылым, инновация сияқты түрлі-түрлі өзінің, адамның әлеуетін дамытуға бағытталған мәселелер қарастырылуда. Әр бағыт бойынша нақты көрсеткіштерді айта кетіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

ЖСДП кандидаттары инклюзия мәселесін талқылады

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаттары Қарағандыда аутизмге шалдыққан  балалардың ата-аналарымен кездесті. Кездесуде ерекше балаларды қолдау, инклюзивті білім берудің қолжетімділігін арттыру сынды өзекті мәселелер талқыланды. Ата-аналар білім беру және медициналық қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді жеткізіп, ұсыныстарын ортаға салды. Ал Астанада саяси ұйымның сайлауалды орталық штабының отырысы өтті. Жиында партия басшылығы мен кандидаттар үгіт-насихат науқанының аралық нәтижелерін талқылады. 

Мақсұт Насибулов,  ЖСДП атынан құрылтай депутаттығына кандидат:

Біздің партиямызда 33 кандидат бар. Барлығы да өз ісінің мамандары. Әр саланы қамтыдық. Сондықтан да біз үлкен, мықты іскер, кәсіпқой азаматтармен бұл сайлауға бара жатырмыз. Қазіргі есептің барысында әртүрлі жобаларымыздың нәтижелерін көріп жатырмыз.

«Байтақ» партиясының өкілдері жұмысшылармен кездесті

Алматыдағы №2 жылу электр орталығына барған «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар 200-ден астам қызметкерге сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиында қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық көлікті дамыту және қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтердің маңызы сөз болды. Партия өкілдерінің айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу бір күнде нәтиже беретін науқан емес. Сондықтан бүгін қолға алынған жұмыс келешек ұрпақтың өмір сапасына әсер ететіндей ұзақ мерзімге бағытталуы керек.

Алма Қараш, «Байтақ» партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

«Байтақ» партиясы Алматыда 2022 жылдың соңынан бері жұмыс істеп келеді. Ал 2023 жылдан бастап партияның қаладағы жұмысы белсенді жүргізіле бастады. Қазір Алматыда партияның 8 мыңнан астам белсенді мүшесі бар. Науқан аясында бәрі үгіт-насихат жұмысына бір кісідей атсалысып жатыр.

ҚХП кандидаттары медицина қызметкерлерімен кездесті

Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын талқылады. Кездесуге 100-ге тарта дәрігер, орта медициналық буын өкілдері, ғалымдар, салалық мекемелердің қызметкерлері қатысты. Олар ауылдық елдімекендердегі дәрігер тапшылығы, жалақыны көтеру, жас мамандарды даярлау сынды өзекті мәселелерді көтерді. Кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау саласының жұмыс сапасын арттыру туралы пікірлерін айтты.   

Ләззат Ақтаева, Қазақстан халық партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

Абай облысы жаңа облыс болғандықтан ең өзекті сұрақ инфрақұрылым. Облыс үлкен, сондықтан алғашқы медициналық көмектің  нысандарын көбейту керек. Ауылдарда фелдшерлік-акушерлік пункттер, + дәрігерлік амбулаториялардың санын көбейту керек, себебі бірінші сол алғашқы медициналық көмек науқастарға, тұрғындарға жақын болу керек.

«Ауыл» партиясы экологтармен және шаруалармен кездесті

«Ауыл» партиясының кандидаттары Өскеменде экологтармен кездесті. Өйткені, өндіріс көп шоғырланған Өскемен үшін бұл сала өте өзекті. Сондықтан партия өкілдерімен кездесуде аймақта экололгия мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйым мүшелері келді. Өңірдегі эко-ахуалды жақсарту үшін атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ұсыныс пікірлерімен бөлісті.Бұдан соң «Майлы дақылтардың  тәжірибелік шаруашылығы» компаниясы ұжымымен кездесті. Қатысушылар кандидаттарға сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Мысалы қазір 25-30 центнер алса, оның ішінен қарап отырмыз 52 пайызы таза май. Бізде экспортта май дақыллары әлем бойынша сұранысы көп. Өзбекстанға Қытайға көп мемлекеттерге осы майды осы Қазақстан жіберіп жатыр. Жыл сайын Қазақстанда май дақылдарының алаңы көбейіп жатыр.

«Ақ жол» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясы өкілдері Қарасай ауданындағы «ANSAR FOODS» еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, кәсіпкерлер мен еңбек адамдарына қатысты бастамалар талқыланды. Кездесу барысында отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болды. Сондай-ақ еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға бағытталған ұсыныстар айтылып, қатысушылар саланы дамытуға қатысты пікір алмасы. 

Қазыбек Иса, «ақ жол» партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат:

Макарон шығатын зауыт мысалы, 50-ге жуық жұмысшысы бар екен. Одан кейін айына 140 тоннаға дейін өнім шығарады екен. +Олардың + мәселесі салықты төмендету мәселесі. + Сондықтан, осы бағытта жұмыстарыңызды жалғастырсаңыздар деген секілді өздерінің ойларын айтты.

Respublica партиясының өкілдері өндіріс орнына барды

Алматыда Respublica партиясының өкілдері индустриялық аймақтағы бірқатар өндіріс орынын аралап, жұмысшылармен кездесті. Кандидаттар еңбек ұжымына сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оларды алаңдататын мәселелеріне құлақ түрді. Жиында кәсіпорындардың қазіргі жағдайы, өндірісті дамыту жайын талқыланды. Сонымен бірге, отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлерге тұрақты әрі әділ ереже қалыптастыру және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы пікір алмасты.

Сырымбек Тау, Respublica партиясының тең төрағасы:

Шағын және орта кәсіпкерлер жалпы Қазақстандағы 9 миллион адам жұмыс істейтін болса, соның 4,5 миллионына жұмыс беріп отыр. Әр өңірде біз кәсіпкерлермен қандай проблема бар, қандай шешімі табылмай жатқан дүниелер бар, осыны мұқият тыңдап жүрміз.


Бөлісу